Биша кесегін алдыртқан дұрыс па?

Oinet.kz 11-03-2020 1024

Screenshot_5.jpg

Адамзат бойында артық зат болмайды. Әрбір мүшенің өзінің атқаратын қызметі бар. Тіпті дәрігерлер артық деген аппендикстің де ағзамыз үшін пайдалы екенін айтады. Сол секілді тамақ ауырып, жұтынғанда кедергі болатын баспаны да (ангина)  алдыртпаған дұрыс екен. Себебі ол суықты тікелей өкпеге өтуден сақтап тұратын көрінеді. Дей тұрғанмен, қазір қажеттіліктен гөрі сән үшін дене бітімін өзгертіп, «артық» мүшелерді алдыртып тастауға құмарлар көп. 

Пластикалық хирургия әлемінде бүгінде барлығы мүмкін. Пышақтың көмегімен басыңыздан бастап аяғыңызға дейін бүтіндеп, кем-кетігіңізді түзеп алуыңызға әбден болады. Тек хирургтың алдына қалтаңызды томпайтын барсаңыз болғаны.  Осыған дейін сұлулыққа жаны құштарларға пластикалық хирургияның бірнеше түрлері жайлы егжей-тегжейлі жазып келдік. Бүгінгі таныс болатын отаның түрі Биша кесегін алдыру деп аталады. 

Артық болмас білгенің… 

Биша кесегі туралы естуіңіз аз шығар. Себебі мұны Қазақстанда жасатушылар сирек кездеседі. Есесіне ол Америка мен Еуропада сәнге айналғалы қашан. Алдымен «Биша кесегі дегеніміз не?» деген сұраққа тоқталып өтейік.

Әдетте көзге көрініп, байқала бермейтін Биша кесегі адамның ұртында орналасады. Біздің бетімізді томпайтын тұратын осы майлы тіндер. Бұл кішкентай майдың кімге зияны тиді екен деп ойлайтын шығарсыз. Ендеше айтайық, бұл эстетикалық отаның пайда болып, дамуына әлемдік жұлдыздар әсер етті. Бет-жүзін арық, сопақша етіп көрсеткісі келгендер көпшілік біле бермейтін ұртқа «жасырынған» тіндерді  хирургиялық жолмен алып тастады. Адамдар арасында Биша майының ағзада атқаратын қызметі жоқ деген жаңсақ пікір қалыптасқан. Шын мәнінде ұрттағы тіндердің әсіресе, балалар үшін пайдасы мол. Сәбилер сол майлы тіндер арқылы ас-ауқатты сорып, кейіннен шайнап үйренеді екен. 

Биша кесегі амортизатор қызметін атқарады. Яғни баланың даму процесі кезінде ол жақ бұлшықеттерінің қысымын төмендетіп отырады. Баланың жасы өскен сайын майлы тіндердің қызметі төмендеп, көлемі кішірейе түседі. Байқаған боларсыздар, ересек адамдарға қарағанда нәрестелердің беті қашанда томпақ келеді. Алайда бұл Биша кесегінің ересектерге мүлдем қажеті жоқ деген сөз емес. 

Бүгінгі таңда медицина мамандары Биша кесегі жайлы екі түрлі пікір айтуда. Бірі «адам есейген соң оның қызметі тоқтайды, сондықтан оны косметикалық жолмен алып тастауға болады» дейді. Енді кейбір ақ халаттылар «май балаларға ғана емес, үлкендерге де аса қажет. Себебі оның функциясы ешқашан тоқтамайды» деген позицияны ұстануда. 

Айтпақшы, майлы тіндердің атауы француз физиологы, анатом Мари Франсуа Ксавье Бишаның құрметіне аталған. Ұрттағы майды алғаш рет анықтап, оның қызметі жайлы зерттеу жүргізген осы ғалым Биша болатын. 

Биша кесегін қалай алады?

Биша кесегі үш бөліктен тұрады – алдыңғы, ортаңғы және артқы. Ұртымызды томпайтын тұратыны ортаңғы бөлігі. Көп жағдайда әсіресе, әртістер ауыздағы май бөлігін алу арқылы ақсүйектерге тән әлпетке ие болуды қалайды да, ота үстеліне жатады. Процедура аса қиын емес және соншалықты көп уақытты алмайды. Әрі пациенттің де жанына бататын операция емес. Алдымен хирург жергілікті анестезия жасап, ұрттың ішкі бөлігін 2 сантиметрге дейін тіледі. Медициналық құралдың көмегімен Биша майының ортаңғы бөлігі ғана алынады. Кесек тұтастай алынған жағдайда адамның беті мүлдем солып қалады. Артық май алынған соң кесілген жер қайта тігіледі. 

Ота қарапайымдылығына қарамастан қолжетімді деп айтуға келмейді. Баға көп жағдайда хирургтің біліктілігі мен клиниканың беделіне байланысты қойылады. Мәселен, көрші Ресейде бетті арықтату 25 мың мен 50 мың рубльдің аралығында тұрса, елімізде бұл процедура 100 мың теңгені құрайды. Операциядан кейін жаңа келбетке ие болған пациент наркоздан ояна сала үйіне жіберіледі. Беттегі ісік 2-3 күнге дейін сақаталады да, жәймен басылады. Ал тігіс жібін (өздігінен бітіп кететін жіп болмаса) 5-8 күннен кейін алып тастайды. 

Басқа операциялардан кейінгі күтім секілді науқасқа 2-3 аптаға дейін ауыр жұмыс істеп, көп физикалық күш жұмсауға болмайды. Моншаға түсуге, бассейнге шомылуға тыйым салынады. Ең бастысы қатты, ыстық, суық тағам жеуге, ауызды барынша ашып есінеуге, күлуге, айғайлауға мүлдем болмайды. Сондай-ақ дәрігер биік жастықта жатуға кеңес береді.  Әдеттегідей қаны жиі ұйып қалатын науқастар, онкологиялық ауруға шалдыққандар, ЖИТС және қант диабеті бойынша есепте тұрғандар, жақ-сүйегіне бұрын-соңды ота жасатқандар, инфекциялық-созылмалы аурумен ауыратындарға және 25 жасқа толмағандарға Биша кесегін алдыртуға болмайды.  

Дейін және кейін

Эстетикалық мақсатта жасалған отадан кейін қандай нәтиже күтуге болады? Алдымен Биша кесегін алдыртудың жақсы жағына тоқталайық. Процедурадан кейін адам беті айтарлықтай арықтай түседі. Бұл бет-әлпеті толықтарды жақсы жағына өзгертетіні анық. Дәрігерлердің айтуынша кесекті алдыру қартайған шақта беттің созылып кетуінен сақтайды екен. 

Мамандар ұрттағы майдан арылудың жағымсыз жақтары бар екенін де жасырмайды. Біріншіден, ота тек аса қажеттілік жағдайда ғана жасалу керек. Егер бетіңіз онсыз да арықтау болса майға тиіспеген дұрыс. Бишаның көлемі әр адамда түрлі болып келеді. Бет томпақ болғанымен ұрттағы майлар аз болуы мүмкін. Осындай қателіктен қыз-келіншектер бекер пышаққа ұрынып жатады. Екіншіден, егер басыңыздың формасы домалақ болса, Бишаны алдыртқанның өзінде ешқандай өзгерісті көрмеуіңіз мүмкін. Үшіншіден, тәжірибесіз хирург процедура кезінде беттегі невртерді зақымдауы ғажап емес. Бұл қателіктің салдары бет-ауыздың қисаюына алып келеді. Жас кезде отаның кері әсерін сезінбеуіңіз мүмкін. Бірақ жас ұлғайған сайын денеңіздің әрбір жарақат алған жері, кесілген, шыққан, сынған тұсы мазаны алады. Сол секілді жылдар өте келе ұрттағы тыртықтың орны ауыратын болады. Сондай-ақ қартайғанда сүйек құрамындағы тіндер азайып, жұқаратын көрінеді. Ал сонда «жалаңаштанған» сүйектерді майлы тіндер қорғайды. Ұрттағы майлы тіндер болмағасын жақ сүйектер қақсайтын болады. Бейнеттен өтіп, зейнет жасына келгенде жас кездегі қателіктің кесірінен ауру-сырқауға бейім болмас үшін Биша кесегін түрлі жаттығулардың көмегімен кішірейтуге болады. Ғаламтордан мұндай жаттығудың түр-түрін көруге болады. Айта кетерлігі, майлы бөлігінен айырылған ұртта Бишаның қайтадан өсіп-жетілуі мүмкін емес. 

Жұлдыздарға үңілсек... 

Беттің толықтығынан арылу операциясы бертінде ғана трендке айналды. Жоғарыда айтқанымыздай оны косметикалық сән әлеміне енгізген әртістер мен әншілер болатын. Сұлулығы жиі талқыға түсетін Анджелина Джоли көрерменнің жүрегін жаулап алған әйгілі «Лара Крофт» фильміне түсер алдында ұртының майын алдыртқан көрінеді. Джолидің соңынан әйгілі сәнгер Виктория Бекхем, әнші Дженниффер Лопес, актриса Меган Фокс, Натали Портман, Джениффер Энистон, Ким Кардашьян, модель Белла Хадид, Ресей әншілері Алсу, Полина Гагарина, тағы да басқа жұлдыздар ере берді. Актриса әрі продюсер Мэри-Кейт Олсен артық қыламын деп тыртық қылды. Биша кесегін алдыртқан оның қушиған жүзі одан сайын азып кетті. Қазір Олсенге аянышпен қарауға болады.   

Биша майы ешқандай паталогия болып табылмайды. Демек, бүтін бетті бұзудың қаншалықты қажеттілігі барын өзініңіз бағамдап аларсыз. 

Дәрігерге қаралуда 4 маңызды қадам
Мифы о лечении содой
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу