Халық қойған есімдер

Oinet.kz 17-02-2020 1348

Қазақ тарихында есімі алтын әріптермен таңбаланған Абылай хан жайлы естуіңіз бар шығар. Шын есімі – Әбілмансұр. «Абылай» оған жоңғардың батыры Шарышты жекпе-жекте жеңген ерлігі үшін берілген. Ал оның жас кездегі лақап аты «Сабалақ» болған баршамызға аян. Бұл халықтың берген есімі. 

M-R-INCOGNITO-Logo.jpg

Ауыл ат қойғыш. Өз есімдерін ұмытып «Шипұт Ғани» атанып кеткендерді көрдік. Бала кезінде аяқтары шидай болғаннан соң шипұт атанған екен. Құлағы мүкіс еститін, бір айтқан сөзіңді он рет қайталауға мәжбүр қылатын бір ағамызға «Мәң Марат» деген атау берген. Денесі ірі, бақуатты келген келіншекті бастапқыда қайнылары «Танкы женге» деп ойнаса керек. Кейіннен ауыл тұрғындарына сол күйі Танкы келін атанып кетті. Менің әкемнің аты – Дүйсеналы. Бірақ ауылдағылар оны «Қасқа» деп айтады. Салтымыз бойынша жеңгесі қайнысының есімін тура атамай басқа ат қойып құрмет тұтқан. Әкеме де бұл атау жеңгелері арқылы  берілген. 

Халық айтса қалып айтпайды демекші ауыл адамдары мұндай атауларды кез келген адамға тегіннен-тегін беріп қоймайды. Көпшілік тарапынан берілген барлық лақап есімдер сол адамның ерекше тұстарының көрінісі. Кейбір кезде баласы тіл-көзден аман болсын деген ниетпен есімдерін өзгертіп шақыратын болған. Кейіннен ол балаға жаттанды есім болып қалыптасып, ауыл арасына кеңінен таралып кеткен. Тіпті өздері де шын есімдерін ұмытып лақап аттарымен өмір сүріп жатқандар да баршылық. 

Мысалы менің Ертіс есімді көршім бар. Жасы жетпіске таяп қалды. Ауылда ол кісіні ешкім «Ертіс» деп атамайды. Себебі, ол кісіні барлығы Қыдыр қарт деп таниды. Сол кісіден лақап атының тарихын сұраған болатынмын.

Қыдыр қарт:

- Ертіс деп есімімді шешем қойған. Егіздің сыңары болған екенмін. Қырқынан шықпай тұрып Жайық шетінеп кетіпті. Ес білгенге дейін Ертіс болдым. Менен кейін шешем құрсақ көтермеді. Көп бала-шағалы болуды армандаса керек көптің тілегі қабыл болар деп мені анам көрші-қолаңның майда жұмыстарын атқаруға жиі жіберетін. Егістікте қаншама жыл қауын ектім. Күзде піскен қауынды ауыл аралап сататынмын. Анам марқұм дінге берілген жан еді. Жұма күндері қауын сатпайтын. Тегін беретін. Маған да сол кішкентайымнан әдет болды. Қартайған шағыма дейін сол үрдістен тайған емеспін. Ауыл тұрғындары сол ісіме риза болып «Қыдыр шал» деген атау берді. Ал «Қыдырдың» кім екенін айтпаса да түсінікті шығар.

Бұл тұрғындардың Қыдыр қартқа ризашылық есебінде берілген атауы. Ал естір құлаққа түрпідей тиіп, еріксіз езу тарттыртатын есімдер ше?

Орыстың атақты сықақшысы Иван Крылов сұмдық тамақсау кісі болыпты. Тәбеті күшті Крылов өзінің қомағайлығынан бір үйге қонаққа барғанда да  арыла алмапты. Халқы оған осы ерсі әрекетінен соң «Мешкей» деп те айдар тағады. Сөйткен, Иван Крыловтың ажалы да тамақтан болғанға ұқсайды.

Той-жиындарда отырған жерінен пәкеті толғанша тамақ алып, үйіне таситын бір жеңгемізді құрдастары «Сыпырғы» атап кетіпті. Өзіне осындай сорақы атау тағылғаннан соң жеңгеміз сол ерсі әрекетінен арылған көрінеді. Осыдан соң ауылдағы басқа жеңгелеріміз «сыпырғы» деген атауға илігіп қалмас үшін жиындардан барынша ештеңе алмауға тырысады екен. Демек, ондай атаулардың да пайдасы бар екен. 

Ал, оқырман сіздің халық таққан лақап есіміңіз бар ма?

Ғалия ДҮЙСЕНӘЛІҚЫЗЫ

Психологиялық тест: Хаттар алда не күтіп тұрғанын анықтайды
Әлемдегі ең таңғажайып мерекелер
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу