Викториан ғасырындағы талап пен дәстүр

Oinet.kz 21-04-2019 1799

Screenshot_3.jpg

          Викториан ғасыры Англия тарихындағы өрлеуі мол кезеңдердің бірі  болды. Ағылшындық тарихшылар «бұл кезең технологияның жылдам қарқында дамып, демографияның өсіп, ғылымның өркен жайған заманы болды» деп сипаттайды. XIX ғасырдың басында әдебиеттің бағыты өзгеріп, мәдениет саласы гүлдене түскен. Викториан дәуірінің басты жетістіктерінің бірі халықтың көзі сауатсыздықтан ашыла бастауы.   1837 жылы Англияда халықтың  43 пайызы оқып-жаза білмесе, 1894 жылы бұл көрсеткіш небәрі 3 пайызды құраған.  Басылымдардың саны 60 есеге дейін өскен. Кітапханалар мен театрлар ел игілігіне беріліп жатты.  Өркениетті елді өрге сүйреген  ақылына көркі сай, алайда қатыгез, талапшыл патшайым Виктория билікке артынан тұяғы қалмаған көкесі  IV Вильгельмнің өлімінен кейін келді.   

                                                     Азашыл патшайым

        Виктория патшайым жайлы бүгінде  халық бір жақты пікір айтқан емес. Бірі оны өте әділетті, нағыз халық жанашыры десе, екінші бір тарап замандастарының өй-өрісін 180 градусқа бұрған, яғни  психологиялық қысым көрсеткен басшы деген мінездеме береді. Сонда Виктория патшайым елдің жағдайын жақсарта отырып, жұртына қысым көрсеткені несі дейтін шығарсыз. Бар гәп оның таным-түсінігі, діни көзқарасының беріктігінде еді.    Билік тізгінін  қолға алған күннен бастап ол әрбір Англия тұрғындарының бойында жинақылық, еңбексүйгіштік, үнемшілдік, адалдық секілді қасиеттердің болуын талап етті. Патшайымның өмірі осындай қасиеттердің үлгісі болды. Ол талқаны таусылғанша Отанына, қызметіне, отбасына адал болып өтті. Оның бұл ерлігіне қарапайым халық былай тұрсын ақсүйектердің өзі тамсанып, оның ізімен жүруге тырысты.  Жас шағында Виктория өте сұлу әрі нәзік  жан болған. Ал оның  ел жадында мәңгі сақталған әжімдене бастаған, бірақ көзі өткір,  жүзі сұсты кейпі кейіннен қалыптасты. Шыншыл билеуші жарына адалдық танытып өткен әйел. Ханзада Альбертпен көтерген шаңырағы баянды да, мінсіз болып еді. Ол күйеуінің мейірімділігіне, жүрегінің кеңдігіне ғашық болды. Альберт те бұған лайықты еді. Ханзада жаңа жыл мерекесінде  рождестволық шыршаларды және балаларға сыйлық таратуды енгізіп, дәстүрге айналдырған   адам. Өкінішке қарай, Альберттің ғұмыры ұзаққа созылмай, дүниеден өтеді. Сол күннен бастап нәзік әрі сұлу Виктория мәңгі қара жамылып, аза тұтқан әйелге айналды. Деректер бойынша Альберт ханзада Викторияның жақын туысы болған. Осының салдарынан әйел патшаның 9 балаларының ішінен Леопольд ханзада гемофилиямен ауырып, 30 жасқа дейін ғана өмір сүріпті. Қыздарының ішінен Алиса және Беатриса ханшайымдар кеселді тасымалдаушы болса, Беатрис ханшайымның 4 ұлының 2-і осы кеселге шалдыққан. Ал оның қызы Испания королінің жұбайы Виктория-Евгенияның 3 баласының 2-і науқас болған. 

Screenshot_4.jpg

                                                Жесірлердің күні құрысын

            Патшайым елдегі барлық жесірлерге үлкен талап қойды. Біріншіден, олар  жесірліктің белгісі ретінде  тас көмірден жасалған қара әшекей тағып жүруі тиіс болған. Әшекей қайтыс болған адамға деген сағыныштың белгісі іспетті еді. Жақынынан айырылған адамға әшекей тағу қиын болмас, тек «азалы әшекейін» жасайтын зергерлерге қыруар ақша төлейтіні болмаса.  Сатып алынған «қайғы» сол кездегі маржан, лағылдан да қымбат болған деседі. Қара моншақты қара жамылушы азаның бірінші кезеңінде, жарты жылдай  тағып жүретін болған. Жарты жылдан кейін ғана әйел басқа әшекей бұйымдарды тағуына рұқсат етілген. Басқа дегенде қымбат, сәнді бұйым деп ойлап қалмаңыз. Әшекей міндетті түрде    өлген адамның шашымен сәнделуі, өрнектелуі қажет.   Аза тұтып жүру мұнымен бітпейді. Жесір   әйелдер  үш ай бойы көшеде  бетін қара матамен, тормен бүркеп жүруі керек. Үш айдан кейін ғана торды бас киімге көтеруге болады. Осылай әйелдер  жұрт көзінше бас киімді екі жыл  киіп жүруге мәжбүр болған. Ал  басынан азалы шляпасын өле-өлгенше түсірмеген патшайымға  берілген кейбір  ханымдар ғұмырының соңғы сағатына дейін  оны киіп өткен.    

        Патшайым отанасынының үйдегі тазалығына, ұқыптылығына  да қатты мән беріп өтті. Сол ғасырда түсірілген суреттер немесе фильмдерді тамашалап отырсаңыз стол бетіндегі дастархандардың тым ұзын екенін байқайсыз. Бұл жәйден-жәй емес. Негізінде столдың аяғы көрінсе ол менталитет бойынша  әдепсіздіке жатқызылған. Дастарханның ұзын болуы содан. Орындықтар да «жалаңаш» тұрмаған, олар үнемі матамен қаптаулы болуы тиіс. Бұл да Англияға бақандай 63 жыл   жеті ай үстемдік жүргізген патшайымның темірдей бұйрығы. 

                                                        Ешкім қоңыраулатпады

               Виктория патшайым жесірлерге ғана үлкен талап қойған жоқ, ол өз еліне  одан өзге де қатал,  адам санасына қона бермейтін тым көп майда-шүйде дәстүрлерді енгізе берді және оның сақталуын жіті қадағалап отырған. Мәселен отбасында бір адам қазаға ұшыраса үйдегі айна атаулының барлығын күңгірт матамен жауып тастаған. Айналардың беті бір жыл өтпей ашылмаған. Айна, ыдыс сынса жамандыққа балайтынымыз бар емес пе? Ағылшындықтардың  осыған имандай сенуі викториан ғасырынан басталған секілді. Олар айна сына қалса міндетті түрде сол үйде жақын арада бір жан о дүниеге аттанады деп сенген. Сондай-ақ өлім шыққан үйдің сағаты адам қайтыс болған уақыттан бастап тоқтап тұрған. Адамдардың миында егер бұл рәсім жасалмаса тағы бір өлім болады деген түсінік әбден бекініп алды. Викториандықтардың өлген адамның қайта келмейтініне бойұсына қоймағандығы  байқалады. Оған табытқа тағылған қоңыраулар арқылы көз жеткізуге болады. Яғни өлген адамды табытқа салар кезде саусағына жүзік тағып, жүзікке ұзын жіп байлап, ұшына қоңырауды байлаған.  Қоңырауды қайтыс болған жанның қабірінің сыртына шығарып қойған. Сондағы ойлары өлген кісі ойда-жоқта тіріліп қалса  немесе тірідей көмілген болса жүзік тағылған саусағы арқылы қоңырауды шылдырлатып, «тірілер әлеміне» белгі бере алады. Әзірге қоңыраулатқан өлілер туралы ешбір дерек жоқ.   

Victoria-Era-Post-Mortem-Photograph.jpg

                                                  «Өлілер галереясы»

                Викториан дәуірінің атын шулатқан «Өлілер галереясы» десек қателеспейміз. Әдетте мұсылман елдерінде қайтыс болған адамды суретке түсірмейді. Ал сол ғасырда өлілерді тірі кейіпте суретке түсіру кең етек алды. Тіпті, өлілерді суретке түсіру сұранысы жоғары мамандықтың бірі болды. Алғашқы фотоаппарат пайда болғанша суреттер қағазға бояумен салынды. Оны елдегі ең атақты, абыройы бар суретшілер ғана салған және мұндай суретті салуға тек бай-бағландар ғана тапсырыс бере алды. Техника дамып, фотоаппарат шыққасын екінің бірі қайтыс болған жақының суретіне қол жеткізе алды. Он тоғызыншы ғасырдағы Англияның тұрғындары адамның өлігінен шошынып, жиіркену дегенді білмеген. Керісінше арғы дүниеге аттанған жақынын туысқандары көмуге асықпай, үйде бірнеше күн, кейде апталап ұстаған. Өлікті тап-таза, сәнді киіндіріп, көбінше төсекке жатқызып емес, үстелге отырғызған, түнде жансыз денені жандарына алып жатқан. Осыдан болса керек марқұмды суретке тірі етіп түсіру олар үшін қалыпты жағдайға айналды. Олардың түсінігі бойынша марқұм олармен бірге мәңгі жасай береді және сурет соның айғағы.  Әсіресе, сәбилер мен балалардың суреті көп түсірілді. Қызметі үшін әжептәуір ақы алатын фотографтардың фантазияларында шек болмады. Шетінеген баланың көзін түрлі әдіспен ашық қалдырып,  анасының қолына отырғызды, жас қыздың бетін қызыл шыраймен өңдеп, қолына сүйікті ойыншығын ұстатты, енді бірде өлікті ойланып отырған тірі адамның кейпіне ендірсе, кейбірінің тіпті жүзіне күлкі ұялатты. Тіршіліктің нышаны бар мұндай суреттерден адамның өлі екенін анықтау қиын, ал бірнеше адам түсірілген суретте бұ фәниде кімнің  бар, кімнің жоқ екенін ажырату тіптен қиын.            

            Бүгінде викториан ғасырындағы өлілердің суреттерінен коллекция жинаушылар көбейген. Солардың бірі Нью-йорктік жәдігер жинаушы Томас Харрис өзінің  әуесқойлығын былай түсіндіреді: «Олар (суреттер) адамды тыныштандыра және өмірдің қаншалықты қымбат екенін ұқтырады» дейді. Харристің ойымен  келісетін Бернс те өлілердің галереясына қызыққан. Оның жинағында төрт мыңға жуық сурет бар. Бернстің «қазынасы» өз кезегінде кейінгі жылдары көптеген деректі фильмдер мен көрмелерге арқау болды. Мәселен «Өзгелер» фильмінде оның жәдігерлері көптеп қолданылса, «Ұйқыдағы ару: Америкадағы мемориалдық  фотосуреттер» кітабына да септігі тиді. Бернстің «Жан тапсыру мен өлім» коллекциясы 1990 жылы «Үзді фотоальбом» номинациясын жеңіп алған болатын. 

Дерек пен дәйек:

        Букингем сарайының алдында есімі тұтас дәуірмен байланысты Виктория патшайымға (1819-1901) арналған ескерткіш орнатылған. Сарайға қарама-қарсы патшалық атқоралар, патшалық автопарк, патшалық отбасының мұражайы орналасқан. 



Сфинкстің мұрнын сындырған кім?
«Абрака дабра» сөзі нені білдіреді?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу