Әмір Темір мен Тоқтамыстың қақтығысы

Oinet.kz 13-08-2019 2000

Screenshot_16.jpg

1996 жылы Ташкент  қаласында өзбек тілінде жарық көрген Низамиддин Шамидің «Зафарнама» атты кітабындағы «Әмір сайыпқыранның Дешті Қыпшаққа жүрісінің баяны» деген тарауы бар. Онда «жеті жүз тоқсан үшінші (1391) жылы Әмір сайыпқыран әскерімен Дешті Қыпшаққа жүрісін бастап, Самарқаннан шықты. Қысты Ташкент маңында өткізді. Сафар айының он бесінде (1391 жыл, 22 қаңтар) жүрісті жалғастырып Қараспанға жетті. Кейін Сарысуға өтті. 1391 жылы 21 апрель-көкек айында Кіші Тауға келді. Екі күннен кейін Ұлытауға жетті. Әмір сайыпқыран тау үстіне шығып, жан-жаққа назар салды. Айнала шексіз сахара шөл дала еді. Осы жерде тоқтап тұрып барлық әскерге тас жинауға бұйрық берді. Тастан биік мұнара көтерілді. Тастараштарға (тасқа ойып жазушыларға) естелік ретінде ойып жазуды бұйырды. Нақыш жазу екі тілде – араб және түркі тілінде жазылды. Мазмұны мынадай. «Бисмиллаһир раһман ир-рахим. Тұран мемлекетінің сұлтаны хазірет Әмір Темір көреген екі жүз мың кісіден тұратын қосынмен Тоқтамыс ханға қарсы жорыққа бара жатып хижра 793 жылы жұмада ул-аввал айының жиырма үшінші күні (1931 ж,апрель) осы жерден өтіп бара жатып, өзінен жәдігерлік болсын деп, осы мұнараны тұрғызды» деп жазылған. «Зафарнаманың» түсіндірме бөлімінде: «Таста он бір жол жазу бар, жазудың 8 жолы ескі ұйғыр және 3 жолы араб харпінде. Араб харпіндегі 3 жол оқылмайды, бірақ ұйғыр тіліндегісі оқылады. Оның мазмұны жоғарыда келтірілген» деп жазылған («Зафарнама», 429-бет.)

Бүгінде осынау тарихи жәдігер тас Санкт-Петербордағы Эрмитажда сақтаулы екен. Әмір Темір не үшін Тоқтамыс ханға қарсы жорыққа аттанды?

Алтын Орда сұлтандары арасында билік үшін өзара қырқыстар үзілмеген. 1350-1364 жылдың арасында осы қырқыстың салдарынан сегіз хан өлтірілген. Орданың жағдайы құлдыраған. Бір Әмірдің ұлы хандыққа таласып Тоқтамыс Орыс ханға бағынбай, одан қашып шығып, Мәуеренахрдың қуатты билеушісі Әмір Темірге барып пана тапты. Әмір Темір оны жақсы қабылдайды. Неге? Себебі Алтын Ордада өзінің тапсырмаларын орындап отыратын қуыршақ (марионетка) керек болатын. Әмір Темір әскер жасақтап, азық-түлігіне дейін дайындап соның күшімен Тоқтамыс Алтын Ордадағы таққа отырды. 

Біраз уақыт өткен соң бақталастары Тоқтамысты Алтын Ордадан қуып шыққан соң ол тағы да қашып Әмір Темірді табады. Бұл жолы да мол әскер алып, қуаттанған Тоқтамыс бақталастарын Ақ Орданың астанасы Сығанаққа қуып тығып, таққа қайта отырады. Әмір Темір барлық Орта Азияның отырықшы аудандарын өзіне бағындырады. Сонан соң ол өзінің басқыншылық жорықтарын Мәуеренахрдан әрі қарай жалғастырып Персияны, Солтүстік Үндістанды, кіші Азияның бір бөлігі мен Казваз сыртын біріктірген зор империя құрды. Бұл уақытта күшейіп алған Тоқтамыс Әмір Темірдің өзіне қарсы шығады.

Өзіне жасаған жақсылықтарына қарымта ретінде Тоқтамыс ханның Әмір Темірге қарсы шығуын қалай түсінуге болады?

Арғы бабалары болып табылатын Түмен ханның тоғыз баласының ішінде Қажул мен Қабул деген егіз туылады. Қабул – Тоқтамыс ханның арғы атасы, Қажул - Әмір Темірдің арғы атасы. Қабул мен Қажулдың әкесі яғни Түмен хан қаңылтыр темірге басып «екеуің кейін таққа таласпаңдар. Қабул – патша, Қажул - әскербасы әмір болады» деп өсиет қалдырған. Яғни Қажулден тараған Әмір Темірдің хан, патша, қаған болуға құқығы жоқ еді. Ал Қабулдан тараған Тоқтамыс Шыңғыс ханның тікелей ұрпағы, үлкен ұлы Жошының Тоқайтемір деген баласынан тараған. Әмір Темір өзін патшамын демеген, әмірмін деп жариялаған. Шыңғыс ханның жосығында, яғни заңында «Хандыққа тек менің әулетімнен болады. Кімде-кім хандыққа таласса басы алынады» деп жазған. Әмір Темір сол жосыққа бағынған, бірақ өзі де біраз заң шығарған. 

Тоқтамыс Әмір Темірден жәрдем ала тұрып, оған қарсы шығып, Самарқан мен Хорезмді шауып кетеді. Хорезм жері Жошы ханның ұлысына тиген. Әмір Темір оны, Хорезмді өзіне қаратқан. Тоқтамыс осы территорияны қайтып алу мақсатында жорыққа шығып, қызумен Самарқанға дейін барады. Жорықтан қайтып келген Әмір Темір елдің біраз жерін шауып, зарар келтіргенін көрген соң «Мен мұны тәртіпке келтіріп қояйын Тоқтамысқа үш рет қол ұшын беріп едім. Ол оны аяқ асты қылып, елімізді шауып кетті» дейді. Әмір Темірдің жарты әлемді бағындырғанынан сескенген Тоқтамыс хан «Біреулердің айтқанына еріп қылып едім бұл тірлікті» деп кешірім сұрайды.  Осы сапарда Әмір Темір бүкіл қазақ жерін бағындырады. Тоқтамыс Сібірге қашып кетеді. Бұл жайында айтылатын сан-салалы. Тоқтамыс хан өлгеннен кейін мазары Ұлытауда қалды десе, енді біреулері ол Сібірде жатыр дейді. Бұл жағы енді жұмбақ. 

Көне тарихтың әрбір дерегі құнды, маңызды. Тарихымызды түгендеу - әрбіріміздің қасиетті парызымыз.  

Нұрали Өткелбаев, 

Экономика  ғылымдарының кандидаты, профессор

2016 ж

Цирктің «сүйкімсіз жұлдыздары»
Әлемдегі ең кәрі мысық қанша жаста?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу