Айбек Жеңісқазы: «Ақын айтқан мәселе шешімін табады» деген қағида жоқ

Oinet.kz 17-03-2022 2039

Орын. Өмірлік рөлмен тікелей байланысты. Лидерлік, жеңімпаздық туралы ой мен сөз жетерлік. Бірақ әр адамның аузынан шыққан ақылда өз өмірінің көрінісі бар. Айтыс елімізде мамандық ретінде де оқытылып жүрген сала ретінде даму кезеңінде. Түрлі байқаулардан орын алу шеберлікпен қатар сол кездегі ситуацияға тәуелді. Жас ақындардың есімі елге танылып, қабілетін таразылайтын байқау ретінде «Менің пірім –Сүйінбай» айтысының орны ерекше. Жыр додасы биыл ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналады. Республиканың әр өңірінен келген ақындардың арасында семейлік Айбек топ жарды. Жеңімпаз атанған Айбекпен байланысып, айтыстың бүгінгі бет-бейнесі, айтыскердің психологиясы, жеребемен айтысудың тактикасы туралы сөйлесудің реті туындады. 

Screenshot_14.jpg

– Журналист Қасым  Аманжол айтыскерлерді шоу өнерінің өкілі деп атап өтіпті. Соңғы кезде шоу форматындағы айтыстардың эфирде жиі көрсетілгені жасырын емес. Бұл үрдіс айтыстың бет-бейнесін құртып, құлдыратып жіберген жоқ па?

– Айтыс – синкреттік жанр екені ақиқат. Дегенмен айтыс ақындарының бәрі «шоу өнерінің» өкілі емес. Себебі не нәрсені болмасын бастау – қиын, сынау – оңай. Қазақта «халық қана қатесіз сыншы» деген сө бар. Сөз қадірін көзінің қарашығындай қастерлейтін қазақ айтыс туралы, айтыс ақындары туралы бұлай ойламайды деген ойдамын. Шоу форматындағы айтыстар жаңашылдыққа құмар жастардың назарын айтысқа бұру болар деп ойламын. 

Екінші жағынан қарағанда заманауи форма болар. Айтыстың өз көрермендері бар. Қатысушылары бар. Солар тұрғанда, айтыс құлдырамайды да, құртылмайды да. Телевизиядағы шоу – тек айтыс өнеріне қызығушылықты арттыру мақсатындағы форма.Оны тұтастай жанр ретінде қарастырудың қажеті жоқ. 

– Айтыста қарсыласының осал тұсын көбірек қаузап тиіседі. Бұл айтыскерге психологиялық тұрғыда қысым түсірмейді ме?

– Негізінен адам – өзгеретін табиғаттың иесі. Ол үздіксіз үйрену процессін басынан өткереді. Өзінің мінімен күресу – әр саналы адамның парызы. Өзіне тағылған сынды қабылдай білу де – болмыстың мәрттігі. Ақынның келген жеріндегі проблемалардан бөлек, жеке басына қатысты тиісіп «бет жыртысып» кететін айтыстарды да көзіміз көріп жүр.Мұқағали:

 «Ақын келсе өмірге, қуанамын, 

Ақын өтсе өмірден - жылағаным.

Барлық ақын – баласы  бір ананың.

Барлық ақын – бауыры  тірі адамның!» деп жырлаған ғой.

Айтыс барысында айтылған сөз, сахнадан түскен соң ұмытылады. Кейде достық қалжыңның арғы жағы да – ауыр сынға ұласады. Бұл қатесіз, сынның тырнағына ілінбей өмір сүруге мотивация ғой. Кейде бір-бірін сыйлап айтысатын ақындар да бар. Мысалы, Мақсат Аханов қыздармен жақсы айтыс жасайды. Қыз бен жігіт айтысы десе, ел есіне Аманжол Әлтаевтың қарсыласын құрметтеп, сыйлап-ақ жеңіп кететіні түседі. Бекарыс Шойбеков – айтыстың арыстаны, Айбек Қалиев – айтыстың «Асан Қайғысы» атанып кетті. Әр ақынның өз имиджі бар. Аспанбек Шұғатаев жаңа леппен келді. Кезінде сырнаймен Нартай шықса, бүгінде Дәурен Ысқақ шығып жүр. Бұрын Арқадан Ықылас қобызбен шықса, өткен жылы Бөкен Жігер қобызбен айтысып дебют жасады. Ізінше «Алтын домбыраның» сахнасынан көрінді. Айтыста бақ пен бап қатар шаппаса, ақынның «мені» бекер. Қазылар алқасының бағалауы да көп нәрсені шешеді. 

Screenshot_15.jpg

– «Менің пірім – Сүйінбай» байқауынан алған жүлдеңіз құтты болсын. Бұл байқауда жаңа есімдер танылып, жұптар жеребе арқылы таңдалады. Толық зерттелмеген қарсыласпен айтысу сізге қалай әсер етті?

– Көп рақмет! Жеребе арқылы өтетін айтыстың өзіне тән қызықтары көп. Кіммен айтысарыңды, қашан айтысарыңды білмейсің. «Менің пірім – Сүйінбай» айтысының іріктеу кезеңінде бір ақын «Кімнің кіммен шығарын білмей шығу, Кімнің кім екендігін білдіреді» деп ойын түйіндеген еді. Кіл жүйріктен кімнің озары – тосын жағдаятқа дайын болумен өлшенеді. Бірі күлдіріп, бірі ойын түйіндей алмай әбігерге түскен ақындар шыңдалады. Іште толқыныс болғанмен бұл сайыста мен жағдаятты әр түрлі қырынан қарап, өзімнің білігімді арттырдым деп ойлаймын. Биылғы байқауда есімін қалыптастырған кей ақындар финалға өтпей қалғаны – тосын жайт болды. Әр ақынның шеберлігі, психологиялық күйі түрліше болғаны да әсер етті. 

– Еліміздің қай өңірлерінде болдыңыз? Қандай өзекті мәселелерді көңіліңізге түйдіңіз?

– Әзірге Алматы, Астана, Сәтпаев, Шымкент қалаларында болдым. Алдағы уақытта еліміздің барлық өңірінде айтыс сахнасына шыққым келеді. Әр өңірде қордаланбаған мәселелер баршылық. Әр сөзді жөнімен қолданып, істі атқаруға шабыттандырып айта алсаң, мәселе зерттеліп кетеді. Мүмкін тұрғындары көтеріп, «мынаны айтшы» деп айтқан проблемасы орынсыз болуы мүмкін. Әр жағдаятта көрінетін салдар мен, көрінбейтін себеп болады. 

– Шығыс ақындарының имиджі жоғары деңгейде қалыптасқан. Қазіргі жаңа буынның аяқ алысы қалай?

– Бұл сөзбен бөлінгендей болмайын. Шығыс өңірінен суырылып шыққан айтыскерлердің шыққан шыңын аласартып алмайын деген жас буын қалыптасып келеді. Арбаның алдыңғы дөңгелегі қай жолмен жүрсе, арты да сол жолмен жүреді. Ұрпақ сабақтастығын сақтадық. Әр өңірдің өзіне тән айтысу стильі бар. 

– Айтыс – дала демократисының жарқын көрінісі. Айтыста сіз көтерген мәселенің оң шешім тапқан кезі болды ма?

– Адамның санасы тек көргенін қорытады. Көргеніміз өмірде теңіздің тамшысындай. Ал көрмегеніміз алып мұхиттай. Жүрсіннің жүйріктерінің қатарынан енді көрініп жүргендіктен, салмағы ауыр дүние айттым деп ойламаймын. «Ақын айтқан мәселе шешімін табады» деген қағида жоқ. Ақындар айтқан дүние төрде отырған төрелердің құлағына жетсе ғана шешімін табар. Ондай мәселелер де аз емес.

– Айыстағы есіңізде ең ерекше қалған түйін?

– Есімде қалған ең ерекше түйін Бекарыс Шойбеков ағаның сөзі. Бекарыс Шойбековке Ұлытаудағы айтыста қарсыласы ұрымтал сұрақ қойды. «Жошы ханды ақсақ құлан теуіп өлтірді» дейді. Жошы – қолбасшы. Оны ақсақ құлан қалай теуіп өлтірді?» деп сауал қойды. Бекарыс «Шындықты айту ол кезде де оңай болмаған. Кеше Заманбек өзін-өзі қалай үш рет атса, ақсақ құлан да Жошыны солай теуіп өлтірді» деп жауап қайтарды.

– «Асыл домбыра» айтысында тәжірибелі ақындармен қарсылас болдыңыз.  Қай ақынмен сөз қағыстыру сізге қиынырақ болды?

– «Аcыл домбыра» айтысы шыңдап, орта буынмен тимбилдинг секілді әсер қалдырды. Алтын домбыраның 3 дүркін иегері Мұхтар Ниязов пен Мейірбек Сұлтанханмен айтысу – қиын соқты. Екеуінің де қолтаңбасы бар. Халыққа сүйкімді, тыңдарманы қалыптасқан ақындар. Мұхтар Низов – айтыстың хас бөрісі болса, Мейірбек – жас перісі. Ұшқыр ой мен ұтқыр сөздің үйлесімін табатын сөз мергендері. 

Әңгімелескен Балерке ӘСІЛХАН

Гүлшарат Жұбаева: Әйелдің алмайтын қамалы жоқ
Айбар Олжай: Бізде саясатқа ықпал ететін олигархтар қатты әлсіреді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу