Үш бидің ескерткішін бөлек-бөлек орнатуға қарсымын

Oinet.kz 07-02-2024 1279

Қоғам қайраткері, заң ғылымдарының докторы, «Жеті жарғы және Қожаберген жырау» халықаралық қоғамдық қайырымдылық қорының төрағасы Бекет Тұрғараевпен тарихи ескерткіштер туралы әңгімелескен едік. Ойын ашық айтқан азаматың пікірін назарларыңызға ұсынамыз.

Screenshot_6.jpg

– Сіз еліміздің түкпір-түкпіріндегі ескерткіштердің бой көтеруіне атсалысып жүрген азаматсыз. Қалай ойлайсыз, ескерткіш қоюда руға, жүзге бөлінушілік жоқ па? 

– Руға, жүзге бөліну дегенге өте қарсы адаммын. Әрине, әркім өз шежіресін білу керек. Бұрынғы заманда қазақтың кең байтақ жерін иеленіп, қорғау үшін руға, жүзге бөлген. Ұлы жүздің, орта жүздің, кіші жүздің жері деп бөлген. Әр жүз өзіне тиесілі жерді жаудан қорғаған. Қазір біз сол заманның адамдарынан кері кеттік. Қызметке отырсақ, қол астымыздағыларды біздің жүз бе, біздің ру ма деп сұраймыз. Олай болмаған жағдайда, жан-жағымызға руласымызды жинауға кірісеміз. Мен бөлінуге қатты қарсымын. Осындай ұстанымдағы адамдар мықты саясаткер болса да, рухани таяз болатындығы анық. 

Мен 35-ке жуық ескеркіш орнаттым. Оның ішінде, Қожаберген жырау, үш биіміз, Алашымыздың арыстары сияқты қаншама ел үшін еңбек етіп, ерлік жасағандар бар. Әлбетте, олардың барлығы менің руымнан емес. Мақсатым – руға бөліну емес, қазақтың тарихын тірілту. Тарихи тұлғалар ел есінде қалса екен деймін. 

Сарыағашта үш бидің ескерткішін үш жерге, яғни, әрқайсысын өздерінің атындағы көшелерге орнатқан. Бұл тағдырдың өзі табыстырған, бір атаның баласындай ой-пікірлері бір жерден шыққан, қазақты біріктірген даналарымыз. Оларды қайда қойсақ та, бірге қойғанбыз. Астанада да, облыстық соттың алдында да бірге тұр ғой. Осы идеяның басын ашқан мен едім. 

Сонау 1993 жылы Ордабасы жиынына Президентімізбен бірге Өзбек, Қырғыз республикаларының басшылары да қатысқанын бәріміз білеміз. Олар сол жиынға осы ұлы билердің рухы қолдасын, бірлікте, ынтымақта болайық деген жақсы ниетпен келді. Бөлінбейік, бірге жүрейік деді. Үш биді де бөлуге, ескерткішін әр жерге қоюға болмайды.

Әңгімелескен Аида ӨТЕП

Әбиірбек Тінәлі: «Адамның жанын қию – тек Алланың ісі, ал олар қолдан жасады»
Дәулетбек Байтұрсынұлы: «Түркіжұртында ғана «қара шаңырақ» деген түйсік бар»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу