Ордабасы ауданында биогумус өндірісі жолға қойылып келеді

Oinet.kz 16-11-2022 329

Түркістан облысы Ордабасы ауданына кәсіпкерлікке ден қойған шаруалар қатары артып келеді. Олар тың жобаларды қолға алып, жұмыс бағытын жаңаша құруда. Соның бірі Ордабасы ауданына қарасты Бөржар ауылдық округінде жеке кәсіпкер топырақ құнарлығын арттыру мақсатында биогумус өндірісін жолға қойған. 

Screenshot_43.jpg

Жеке кәсіпкердің «Ордабасы-Органик» атты базасында оның жобасын облыс көлемінде насихаттау мақсатында жуырда «Топырақтың құнарлылығын, құрылымын және физикалық қасиеттерін жақсарту мақсатында биогумус өнімін өңдеу және оның топыраққа пайдасы туралы» облыстық семинар-кеңес өткізілді.

Түркістан облысы ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Н.Мырзахметовтың айтуынша, биыл жеке кәсіпкерлер тарапынан 8,5 тонна (10 мың куб) биогумус өндірілген. Осы жұмыстарды дамыту үшін «Верми» технологиялар саласы бойынша Вермифермерлер кооперативтерін дамыту комитеті құрылған.  Семинарда алдағы уақытта тауар өндірушілерді кооперативке біріктіру арқылы биогумусты көбейтіп, оның автоматтандырылған құрылғыларын сатып алып, қаптау (упаковка) жұмыстары жүргізу қолға алынатындығы айтылды. 

Семинар-кеңеске Түркістан облысы ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Н.Мырзахметов, тиісті бөлім басшылары мен мамандары, қала, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімдерінің басшылары, тауар өндірушілер қатысты. Бұл семинар облыс әкімінің тікелей тапсырмасына байланысты облыс бойынша биогумус өнімін өндірудің тиімділігі және оның ауыл шаруашылығы жерлеріне пайдалы екендігін кеңінен насихаттау мақсатында ұйымдастырылған. 

Мемлекет басшысының 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында ұлттың саулығы маңызды мәселе екенін айтқан болатын. Осы тұрғыда адам өміріне қажетті  азық-түлікті минералды тыңайтқыштарды пайдаланбай, экологиялық таза өнім өндіруге көшу қажеттігі айтылды.

  Биогумус – таза экологиялық қызыл калифорниялық шылаушыннан алынатын, құрамында барлық элементтері бар, баламасы жоқ органикалық тыңайтқыш. Өсімдікке жақсы қорек, ауруларға қалқан әрі мол өнім беруге мүмкіндік жасайтын өнім. Химиялық қоспалары жоқ жүз пайыз органикалық тыңайтқыш.

Биогумус топырақтың құнарлылығын, құрылымын және физикалық қасиеттерін жақсартады. Ол тыңайтқыш қолданылғаннан кейін топырақты бірнеше жыл бойы қатарынан қолдануға болады.

Сонымен қатар өнімде азот, фосфор және калий концентрациясы басқа органикалық заттарға қарағанда біршама жоғары. Осы орайда, қазіргі уақытта облыстың барлық аудандарында биогумус өндіру жұмыстары басталды. Атап айтсақ, Ордабасы, Шардара, Қазығұрт, Келес аудандарында – 50-60 жеке тұлға, Жетісайда – 35-40 жеке тұлға, Сарыағашта – 70-80 тұлға, Түркістанда – 40-50, Сайрамда – 10-15, Төлебиде  – 30-40, Түлкібаста  – 20-30, Бәйдібекте – 10-15, Созақта  – 5-10, Отырарда – 30-40, Мақтааралда 10-15 жеке тұлға осы шаруамен айналысуда.

Биогумус, біріншіден – топырақты эрозияға ұшыраудан сақтайды. Екіншіден, топырақтың құнарын арттырады, үшіншіден,  экологиялық таза өнім алуға мүмкіндік болады. Төртіншіден, әр гектардан алынатын өнімнің көлемі көбейіп, тауар өндірушілердің табыс көзі артады. 

Семинарда мамандар шаруаларға осы деректерді қозғап, жұмысты жандандыру жолдарын ұсынды.

Төлеби ауданында жүзеге асырылған жобалар ауқымды
Жетісай ауданында 6764 көшет отырғызылған
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу