Қарбыз экспорты қыза бастады

Oinet.kz 14-06-2023 121

1.jpg

-Жетісай ауданына қарасты Ш.Ділдәбеков ауылдық округінде 6 гектар жерге пленка астында, 5 гектар жерге пленкасыз қарбыздың «Талисман F1» сортын еккен Олжас Есботаев өнімін Ресейге саудалап жатыр,-деп хабарлайды Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Диханшылықты кәсіп еткен шаруа сәуір айында егіншілігін бастап, қажетті агротехникалық шаралардың дер кезінде жасалуының нәтижесінде піскен қарбыздың шамамен 300 тоннаға жуық өнім алынады деп жоспарланып отыр.

- Биыл климат диқаншылыққа қолайсыз болғанымен тәуекел жасап, жылдағы уақытта егіншілікті бастадық. 6 гектарға пленкалы, 5 гектарға пленкасыз қарбыз ектік. Егістік алқаптың әр гектарына шамамен 1 млн теңгеден шығын кетті. Әйтсе де, ауа райы қарасып, бүгін өнімімізді саудалап отырмыз. Тағы 15 күнде пленкасыз қарбызымыз да дайын болады, - деді Олжас Есботаев.

Жетісай ауданында шаруалар биыл 79,3 мың гектар суармалы жердің 45,5 мың гектарына мақта шиті, 19,6 мың гектарына - бақша, 5 мың гектарға - дәндік жүгері, 2,9 мың гектарға – көкөністер, 5,3 мың гектарына мал азықтық дақылдарын еккен.

- Қазіргі таңда ауданда жиналған 24,5 мың тонна бақша өнімдерінің 11,9 мың тоннасы қарбыз, 12,5 мың тоннасы қауын. Жиын-терім науқанының соңына дейін бақшадан 525 мың тонна өнім алу жоспарланып отыр, - дейді Жетісай аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің бас маманы Нұртас Тұрсынбеков. 

Маманның айтуынша, бақша дақылдарының өнімдері негізінен Ресей, Беларуссия мемлекеттерімен қатар еліміздің Астана, Алматы, Шымкент секілді ірі қалалары мен өзге де облыс орталықтарына жөнелтіледі. 

Нарықтағы қарбыз өнімдерінің бағасы алғашында 1 килограмына 90 теңгеден болса, қазір 70-80 теңге аралығында сатылып жатыр.

Қызылқұм ауылдық округінің тұрғыны Шәкен Ілесұлы да соңғы 10 жылға жуық уақыттан бері жер еміп, диханшылықпен айналысып келеді. Биыл да жылдағы әдетпен ерте көктемде қауынның «Аэропорт» сортын егіп, өнімін жинауға кіріскен. Енді сұранысқа сәйкес, Ресей Федерациясының Мәскеу, Самара қалаларына, Белорусь еліне экспорттап жатыр.

«Биыл қауынымыз жылдағыдан сәл кештеу пісті. Қазір сұраныс та жаман емес. Ойдағыдай өнім алуда ағын судан қиыншылықтар болғанымен, тапшылық сезілмеді. Енді маңдай терімізбен өндірген өнімдерімізді Ресейге экспорттап жатырмыз. Ол жерде баға жақсы екен. Ешқандай делдалсыз өнімді егістік басынан өзіміз көліктерге тиеп беріп жатырмыз», дейді дихан.

Қазір қауыннан гектарынан орта есеппен 281 центнерден, ал, қарбыздан гектарына орта есеппен 260 центнерден өнім алынып жатыр. 


Түркістан: Облыс әкімі жаңа спорт кешенінің жұмысымен танысты
Сарыағаш жылыжайдың отаны
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу