Д.Сатыбалды: «Ауылдарды өркендетуге күш саламыз»
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Отырар ауданының тұрғындарымен кездесті. Жаңа форматта өтіп жатқан есептік кездесудің басым бөлігі тұрғындардың көкейкесті сұрақтарына жауап беруге арналды. Осыған дейінгі кездесуде берген уәделердің қаншалықты орындалғанын халық алдында баяндады. Мәселені қалай шешу керектігін, жолдары мен жүйесін жақсылап түсіндірді. Одан кейін тұрғындардың жекелеген сұрақтарына жауап берді.
- Тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау – жергілікті биліктің басты міндеті. Сіздердің ой-пікірлеріңізді есту, ауданның әрі қарай дамыту бойынша ұсыныстарыңызбен танысу біз үшін өте маңызды. Осыған дейінгі кездесуде көтерілген бірқатар мәселелер шешілді. Ауыз су мәселесі бойынша ауқымды жұмыстар жүріп жатыр. Биыл шыбын-шіркейдің шамадан тыс көбейіп, Сырдария өзенінің бойында орналасқан аудан тұрғындарының мазасын алды. Осыған орай, облыстық бюджеттен 817 млн. теңге бөлініп, толықтай залалсыздандыру жұмыстары жүргізілді. Бұл жұмыстарды қатаң бақылауда ұстаймыз. 12 мың гектарды құрайтын Шәуілдір суармалы алқабындағы жердің тұздылығын төмендететін каналдар мен бас коллектор жүйесін қайта қалпына келтіруге қатысты бас мердігермен сот процестері өтіп жатыр. Сот шешімі шыққаннан соң жобаны іске асыру бойынша нақты шаралар қабылданатын болады. Бұл мәселе қатаң бақылауға алынған. Сондай-ақ тұрғындар көтерген көшелерді жөндеу жұмыстары жүзеге асып жатыр, – деді облыс әкімі.
Биыл негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемінің жылдық жоспары 29 млрд. теңге болса, 6 айда орындалуы 17 млрд. теңгені құрады. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 6 мыңнан асып, 8 мың 600 адам жұмыспен қамтылды. Ауыл шаруашылығына тартылған инвестиция көлемі былтыр 8,7 млрд. теңгеге жетті. Биыл 3,7 млрд. теңгеге инвестиция тарту жоспарланса, 6 айда 1,2 млрд. теңгеге орындалған.
Отырарда «Күн электр энергиясын өндіру» бойынша «Arm Wind» халықаралық компаниясы құрылыс жұмыстарын жүргізуде. Жалпы құны 12,5 млрд. теңге. Нысан осы жылдың қазан айында пайдалануға беріледі. Жеке кәсіпкердің қолға алуымен ауданда ет және сүт өнімдері өндіріріледі. Сондай-ақ шұжық цехының құрылысы биыл толық аяқтады. Жаңа қонақүй бой көтерді.
«Ауыл аманаты» бағдарламасының аясында 96 жоба қабылданып, әзірге 160 млн. теңгеге 36 жоба қаржыландырылды. Бағдарламаның аясында ауданда 4 кооператив құрылды.
Соңғы 5 жылда ауданымызда жаңа мәдени, бұқаралық спорт, білім және инфрақұрылымдар нысандары салынды. Тұрғын үй құрылысы жанданды. Табиғи газбен қамту жұмыстары жалғасуда. Шәуілдір ауылындағы жаңа мөлтек ауданда газ құбыры тартылуда. Көшелер жөнделіп, жарықтандырылуда. Таза ауыз сумен тұрғындардың 87%-ы қамтылған. 2025 жылы бұл көрсеткіш 100%-ға жетеді.
Ауданда туристік тартымдылықты арттыру мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылуда. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» тас жолынан «Арыстанбаб» кесенесіне дейін туристік маршрут бойында орналасқан кәсіпкерлік нысандарына абаттандыру, көгалдандыру жұмыстары жүргізілді. «Арыстанбаб» кесенесінің аумағы, «Отырар төбе» қалашығы абаттандырылды.
– Өркениет ордасы саналатын киелі Отырарда Арыстан баб кесенесі бар. Әрісі әлемнің екінші ұстазы Әл-Фарабиден басталып, бүгінде талай тұлға осы топырақта туған. Отырар ауданы бір жағынан облыс орталығына жақын болған соң, екіншіден осындай тарихи мекен ретінде танылған соң, Түркістанға келген адам Отырарға да соғады. Біздің мақсатымыз – облысымыздың әрбір елді мекенін дамыту. Осыған орай назарды тек облыс орталығына ғана аудармай, барлық ауданды дамыту, көркейту, тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау біз үшін өте маңызды. Барлықтарыңызды ауданды дамыту жолында аудан әкімімен бірлесіп жұмыс істеуге шақырамын. Аудандағы өзекті мәселелерді ең алдымен жергілікті халық жақсы біледі. Сондықтан күрделі мәселелерді шешуге және ауданның дамуына сіздермен бірге жүйелі шаралар қабылдайтын боламыз, – деді Дархан Сатыбалды.
Екі сағаттық ашық диалог арқылы өңір әкімі Отырар ауданы тұрғындарының сұрақтарына жауап беріп, ұсыныс-тілектерін тыңдады. Кездесудің тікелей эфирі Facebook әлеуметтік желісінде өтті, онда желі пайдаланушылары өздерін қызықтыратын сауалдарын қойды. Айта кетсек, Түркістан облысы әкімінің екінші жартыжылдыққа белгіленген халықпен кездесуі кестеге сәйкес өтіп жатыр. Осы уақытқа дейін Дархан Сатыбалды Түркістан, Кентау, Арыс қалалары мен Мақтаарал, Жетісай, Сауран, Сайрам және Түлкібас аудандарының халқымен кездесті. Кездесу соңында облыс әкімі азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі