Буллингке жол жоқ: жастарға маңызды кеңес берілді

Oinet.kz 07-10-2026

image.png

Шымкент қаласы Жастар саясаты басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ ұйымдастыруымен «Авимед» көпсалалы колледжінде жастарға арналған кездесу өтті. «Заң және тәртіп» қағидаты аясында «Буллингтің алдын алу және оның зардаптары» тақырыбындағы жиында жасөспірімдер мен жастар арасындағы қарым-қатынас мәдениеті, психологиялық қауіпсіздік және интернет кеңістігіндегі қауіптер сөз болды.

Кездесуде мамандар буллингтің мәнін түсіндіріп, оның қандай жағдайда орын алуы мүмкін екеніне тоқталды. Қатысушыларға буллингтің физикалық әрекетпен ғана шектелмейтіні, адамның  намысына тиетін сөздер, кемсіту, қорқыту, оқшаулау және әлеуметтік желідегі қысым да оның түрлеріне жататыны айтылды. Мұндай әрекеттердің адамның көңіл күйіне, өзіне деген сеніміне және айналасындағы адамдармен қарым-қатынасына әсер етуі мүмкін екені түсіндірілді.

Жиында буллингке тап болған жағдайда үнсіз қалмай, мәселені сенімді ересек адамға, педагогке немесе маманға жеткізудің маңызы айтылды. Сонымен қатар жанжалға күш қолдану арқылы жауап бермеу, жағдайды ушықтырмай, көмек сұрау қажеттігі түсіндірілді. Қатысушыларға қиын жағдайда психологиялық қолдау алуға болатын мүмкіндіктер де таныстырылды.

Кездесудің тағы бір бөлігі киберқауіпсіздік мәселесіне арналды. Шымкент қаласы Полиция департаменті Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі, полиция капитаны Бахытжан Тұрсынбаевич Бекбаев жастарға интернет алаяқтықтың кең тараған тәсілдері туралы айтып, күмәнді сілтемелерге өтпеу, бейтаныс адамдарға жеке мәліметтерді жібермеу және банк картасы мен есепшотқа қатысты ақпаратты жарияламау қажеттігін ескертті.

Әлеуметтік желілердің кең таралуы кибербуллинг мәселесін де өзекті етіп отыр. Интернеттегі қорлау немесе қысым кейде нақты өмірдегі жағдайдан да кең аудиторияға таралуы мүмкін. Сондықтан жастарға желідегі жазбалар мен хабарламаларға сын көзбен қарап, күмәнді аккаунттардан келген ұсыныстарға сақтықпен қарау ұсынылды.

Кездесуге «Жастар ресурстық орталығы» Психологиялық көмек көрсету бөлімінің маманы Сайдахан Жібек Мұратқызы да қатысып, жастардың психологиялық жағдайына назар аударудың маңызына тоқталды. Тақырыпты бекіту үшін қатысушыларға арнайы бейнеролик көрсетіліп, одан кейін пікір алмасу ұйымдастырылды.

Жедел жәрдемге цифрлық қорғаныс енгізілуде
Діни сауат – қауіптің алдын алудың бір жолы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу