Діни сауат – қауіптің алдын алудың бір жолы

Oinet.kz 07-10-2026

image.png

Шымкентте жастар арасында діни сауаттылықты арттыруға бағытталған түсіндіру кездесуі өтті. Іс-шара барысында діннің қоғамдағы орны, діни ақпаратты дұрыс қабылдау және теріс діни ағымдардың ықпалына түспеудің жолдары сөз болды.

Қазір жастардың діни тақырыптағы ақпаратты интернеттен, әлеуметтік желілерден және түрлі мессенджерлерден алу мүмкіндігі жоғары. Алайда желідегі кез келген мәліметті шынайы әрі дұрыс деп қабылдау қауіпті. Кездесуде осы мәселеге назар аударылып, діни мазмұндағы ақпараттың дереккөзіне мән беру, күмәнді парақшалар мен белгісіз тұлғалардың ұсыныстарына сақтықпен қарау қажеттігі түсіндірілді.

Жастарға дін мәселесінде үстірт түсінік қалыптастырудың ықтимал салдары да айтылды. Әсіресе діни ұғымдарды бұрмалап түсіндіретін, қоғамдағы алауыздыққа немесе заң талаптарын бұзуға итермелейтін ақпараттан аулақ болудың маңызы түсіндірілді. Діни сауаттылықты арттыру адамның ақпаратты саралап, өз ұстанымын саналы түрде қалыптастыруына мүмкіндік береді.

Кездесуге Шымкент қаласының Дін істері басқармасына қарасты «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ бөлімінің маманы Сымбат Сейітхан қатысып, жастарға діни мәселелерге қатысты маңызды ақпарат берді. Маман діни тақырыптағы мәліметті сенімді дереккөздерден алудың маңызына тоқталып, қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.

Теріс діни ағымдардың алдын алу жұмыстары тек түсіндірумен шектелмейді. Жастардың құқықтық және діни сауатын қатар арттыру, қоғамдағы жауапкершілігін күшейту де маңызды. Әсіресе адамның діни сенімін пайдаланып, оны заңға қайшы әрекетке тартуға бағытталған кез келген ықпалға дер кезінде тосқауыл қою қажет.

Бұл бағыттағы жұмыстар Мемлекет басшысы айқындаған «Заң мен тәртіп» қағидатымен де үндеседі. Заң талаптарын білу, өз құқықтары мен міндеттерін түсіну және қоғамдағы тұрақтылыққа құрметпен қарау жастардың қауіпсіз орта қалыптастыруға қосатын үлесін арттырады.

Мұндай кездесулердің мақсаты – жастарға қандай да бір көзқарасты таңу емес, діни ақпаратты саналы түрде қабылдап, оның ақиқаттығын ажырата білуге үйрету. Ақпаратты саралай алатын, құқықтық сауаты қалыптасқан жас түрлі теріс ықпалға да сын көзбен қарай алады.

Буллингке жол жоқ: жастарға маңызды кеңес берілді
Қауіпсіз отбасы – бақытты болашақ
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу