Қауіпсіз отбасы – бақытты болашақ
Шымкент қаласы жастар саясаты басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен Ж.Тәшенев атындағы университетінде «Қауіпсіз отбасы – бақытты болашақ» тақырыбында кездесу ұйымдастырылды.
Кездесудің негізгі мақсаты – тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу ғана емес, жастарға отбасындағы қауіптің алғашқы белгілерін танып, қиын жағдайда дұрыс шешім қабылдау жолдарын түсіндіру. Қатысушыларға зорлықтың адамның денсаулығы мен психологиялық жағдайына тигізетін зардабы, оның отбасы мүшелерінің қарым-қатынасына әсері туралы айтылды.
Мамандардың сөзінше, тұрмыстық жанжалға немқұрайды қарау мәселені одан әрі ушықтыруы мүмкін. Сондықтан қорқыту, күш көрсету, бақылау, қорлау немесе психологиялық қысым сияқты әрекеттерді қалыпты жағдай ретінде қабылдамау қажет. Қиын жағдайға тап болған адам көмек сұраудан тартынбауы керек.
Кездесуге «Жастар ресурстық орталығы» КММ Психологиялық көмек көрсету бөлімінің маманы Үміт Қайсарқызы, Әл-Фараби аудандық полиция басқармасының Қоғамдық қауіпсіздік бөлімі Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімшесінің инспекторы Анарбаева Әсемай, Тұран ауданы Ардагерлер кеңесі жанындағы «АСЫЛ АНАЛАР» тобының мүшесі, қоғам белсендісі Ғалия Пірәліқызы және «АНА ҮЙІ» қоғамдық қорының аймақтық өкілі Тонтекова Қалдар қатысты.
Полиция өкілі тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілерінің алдын алу және мұндай жағдайға тап болған азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарға тоқталды. Қатысушыларға құқықтық көмекке жүгіну, тиісті органдарға хабарласу, қауіп төнген жағдайда өз қауіпсіздігін бірінші орынға қою қажеттігі түсіндірілді.
Ал психолог жастардың отбасылық қарым-қатынаста өзара құрмет, сенім және жеке шекараны сақтаудың маңызына тоқталды. Отбасындағы мәселені дер кезінде талқылау, эмоцияны бақылау және қажет кезде маман көмегіне жүгіну көптеген жанжалдың алдын алуға мүмкіндік беретіні айтылды.
Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу Мемлекет басшысы айқындаған «Заң мен тәртіп» қағидатымен де сабақтас. Заңды білу және құқықты қорғау тетіктерін пайдалану азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды бөлігі. Бұл ретте құқықтық сауаттылықты арттырумен қатар, отбасындағы өзара сыйластық пен жауапкершілік мәдениетін қалыптастыру да қажет.


