Тазалық талаптарын бұзудың 343 дерегі анықталды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы қоршаған ортаны қорғау мен қоғамдық жауапкершілікті арттыруға бағытталған. Бұл бастама аясында Шымкентте де қала тазалығын сақтау, абаттандыру талаптарының орындалуын бақылау және құқық бұзушылықтардың алдын алу жұмыстары жүргізіліп келеді.
Бір апта ішінде қалада тазалық пен қоғамдық тәртіп талаптарын бұзудың 343 дерегі анықталды. Оның 291-і аумақтарды абаттандыру қағидаларын бұзуға, 52-сі қоғамдық орындарда ұсақ бұзақылық жасауға қатысты. Барлық жағдай бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылданды.
Барлық анықталған дерек бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылданды. Құқық қорғау органдарының бақылауы қала аумағында тазалық талаптарын сақтауға және қоғамдық тәртіпті бұзатын әрекеттерге жол бермеуге бағытталған.
Үшінші мегаполисте бұл бағыттағы жұмыс құқық бұзушылықтарды тіркеумен ғана шектелмейді. Бұған дейін қала аумағында жүргізілген тазалық және абаттандыру шаралары кезінде заңсыз граффитилерді жоюға да назар аударылды. Бір аптада есірткі заттарын насихаттайтын 378 жазу өшірілген. Мұндай жазуларды жою қоғамдық кеңістікті ретке келтірумен қатар, есірткіге қатысты құқық бұзушылықтардың алдын алу үшін де маңызды.
Сонымен бірге Әл-Фараби ауданында жыл басынан бері 3 600 құқық бұзушылық анықталған. Оның 677-сі ұшқышсыз ұшу аппараттарының көмегімен тіркелген. Қалада полиция қызметкерлері дрондарды пайдалану арқылы жол қозғалысы ережелерінің сақталуын және қоғамдық қауіпсіздік талаптарының орындалуын бақылап келеді.
Аталған жұмыстар Мемлекет басшысы айқындаған «Заң мен тәртіп» қағидатын жүзеге асырумен сабақтас. Қоғамдық орындарды ластауға, абаттандыру ережелерін бұзуға және тұрғындардың тыныштығына кедергі келтіретін әрекеттерге жол бермеу – ортақ жауапкершілік. Заң талаптарының сақталуы мен қоғамдық бақылаудың күшеюі қаладағы тәртіпті нығайтуға ықпал етеді.
Полиция азаматтарды белгіленген тазалық ережелерін сақтауға, қоғамдық орындарға ұқыпты қарауға және құқық бұзушылықтарға бейжай қарамауға шақырады. Қала тазалығын сақтау мен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады.


