Шымкентте инженерлік желілерді тексеруге жасанды интеллект енгізілуде

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын іске асыру аясында Шымкентте цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект шешімдерін қалалық инфрақұрылымға енгізу жұмыстары жүргізілуде. Соның бір бағыты – жылу және коммуналдық желілердің техникалық жағдайын бақылауды жетілдіру, ақауларды ерте анықтап, инженерлік жүйелердің сенімділігін арттыру.
Бұл мақсатта жасанды интеллект технологияларын пайдаланатын «Art Code» жүйесі қолданылады. Цифрлық шешім құбырлардың ішкі жағдайын тексеруге мүмкіндік береді. Осы арқылы инженерлік желілердің техникалық жай-күйін бағалап, ықтимал ақауларды анықтауға және оларды күрделі мәселеге айналмай тұрып жою шараларын жоспарлауға болады.
Инженерлік желілерді цифрлық бақылау мәліметтерге сүйене отырып шешім қабылдауға да жол ашады. Тексеру барысында алынған ақпарат мамандарға жөндеу жұмыстарын қажет ететін учаскелерді басымдық бойынша анықтап, уақыт пен қаражатты тиімді жоспарлауға көмектеседі. Бұл коммуналдық қызметтердің жұмысын жедел ұйымдастырып, тұрғындарға қолайсыздық тудыратын ақаулардың алдын алуға мүмкіндік береді.
Коммуналдық инфрақұрылымды дәстүрлі тәсілдермен тексеру кезінде кейбір ақауларды анықтау қосымша уақыт пен техникалық жұмысты қажет етеді. Ал құбырдың ішкі бөлігін зерттеуге мүмкіндік беретін технология желінің жағдайы туралы нақтырақ мәлімет алуға көмектеседі. Бұл мамандарға жөндеу жұмыстарын жоспарлау, ақау қаупі бар учаскелерді белгілеу және техникалық ресурстарды тиімді бөлу кезінде маңызды.
Жылу және су желілеріндегі ақаулар тұрғындарға көрсетілетін қызметтің сапасына тікелей әсер етеді. Сондықтан инфрақұрылымның жағдайын алдын ала бағалау апаттық жағдайлардың ықтималдығын азайтуға, жөндеу жұмыстарының уақытын тиімді жоспарлауға және коммуналдық қызметтердің жұмысын жақсартуға ықпал етеді.
Үшінші мегеполисте цифрландыру электрондық қызметтерді дамытумен ғана шектелмей, қаланың инженерлік жүйелерін басқару саласына да еніп келеді. Жасанды интеллект пен заманауи диагностикалық құралдарды пайдалану коммуналдық инфрақұрылымды күтіп ұстау тәсілдерін жетілдіріп, техникалық бақылауды жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.


