Шымкентте ұрлық пен қоғамдық орындардағы қылмыс азайды

Oinet.kz 09-10-2026

image.png

Мемлекет басшысы айқындаған «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында Шымкентте құқық бұзушылықтардың алдын алу, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және азаматтардың құқықтарын қорғау бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Қала полициясы 2026 жылдың тоғыз айындағы жедел-қызметтік жұмыстың қорытындысын шығарып, қылмыс деңгейін төмендетуге бағытталған шараларды талқылады.

Шымкент қаласы Полиция департаментінде өткен жедел кеңесте қоғамдық қауіпсіздікпен қатар жеке құрам арасындағы тәртіп пен заңдылық мәселелері қаралды. Есепті кезеңде ұрлық деректері 26,9 пайызға азайған. Оның ішінде пәтер ұрлығы 42 пайызға, тонау 41,7 пайызға төмендеді. Қоғамдық орындарда жасалған қылмыстар 21,1 пайызға, көшелердегі қылмыстар 17,8 пайызға, алкогольдік масаң күйде жасалған қылмыстар 11 пайызға кеміді. Сонымен бірге жалпы қылмыстардың ашылу деңгейі артқан.

Құқық бұзушылықтарды анықтау мен олардың алдын алуда цифрлық технологиялардың қолданылу аясы кеңейіп келеді. Есепті кезеңде дрондардың көмегімен 8 мыңға жуық құқық бұзушылық анықталған. Әуе арқылы бақылау қоғамдық орындар мен жолдардағы жағдайды қадағалап, ереже бұзғандарды анықтауға мүмкіндік береді.

Балалардың қауіпсіздігіне де басымдық берілген. Қаладағы 292 мектеп, 475 балабақша және 39 колледждің бейнебақылау жүйелері Полиция департаментінің Жедел басқару орталығына қосылған. Бұл білім беру ұйымдарының аумағындағы жағдайды бақылауға және оқыс оқиғаларға жедел әрекет етуге жағдай жасайды.

Кеңесте құқық бұзушылықтарға «нөлдік төзімділік» қағидатын сақтау мәселесі де көтерілді. Қаладағы қауіпсіздік деңгейі төмен орындар мен ойын-сауық мекемелерінің рейтингі жаңартылып, осындай аумақтарда профилактикалық шараларды күшейту жоспарланған. Мұндай жұмыс құқық бұзушылыққа әкелуі мүмкін жағдайларды ерте анықтап, оның алдын алуға бағытталады.

Жедел кеңес қорытындысында қылмыстың алдын алу, қоғамдық тәртіпті сақтау және жол қауіпсіздігін күшейту бойынша тиісті тапсырмалар берілді. Полиция қызметінің негізгі міндеттерінің бірі – тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, заң талаптарының сақталуын бақылау. Бұл бағыттағы жұмыстар «Заң мен тәртіп» қағидатына сәйкес жалғаса береді.

Ұрлықтың алдын алу шаралары күшейтіледі
Шымкентте инженерлік желілерді тексеруге жасанды интеллект енгізілуде
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу