Діни сауат – теріс ықпалдан қорған

Шымкентте Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының студенттеріне этносаясат және деструктивті діни ағымдардың зияны туралы түсіндіру кездесуі өтті. Іс-шараны қала Жастар саясаты басқармасына қарасты «Жастар ресурстық орталығы» КММ ұйымдастырды.
Кездесуде жастардың діни сауатын арттыру, күмәнді ақпаратты ажырата білу және қоғамдағы этносаралық татулықты сақтау мәселелері талқыланды. Мамандар студенттерге деструктивті діни ағымдардың адам санасына ықпал ету тәсілдері, олардың жастарды өз ортасына тарту жолдары туралы түсіндірді. Сондай-ақ діни мазмұндағы ақпаратты қабылдағанда оның қайдан таралғанына, авторына және сенімді дереккөздермен расталуына назар аудару қажеттігі айтылды.
Іс-шараға Жастар ресурстық орталығының аутрич және NEET жастармен жұмыс бөлімінің маманы Аман Мұқтархан Төлегенұлы, Шымкент қаласы Дін істері басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ теолог маманы Уәлихан Самат және «Қоғамдық келісім» КММ жанындағы Медиация кеңесінің мүшесі, кәсіби медиатор Шамирзаев Аббас Ахмадшаевич қатысты.
Теолог маман діни сауаттың маңызын түсіндіріп, жастарды әлеуметтік желілердегі діни уағыздар мен түрлі үндеулерге сын көзбен қарауға шақырды. Ал этносаралық келісім мәселесіне арналған бөлімде өзге ұлт өкілдерінің мәдениеті мен дәстүріне құрметпен қарау, келіспеушіліктерді өзара түсіністік арқылы шешу қажеттігі сөз болды. Қоғамдық ортада таралған жалған ақпарат пен арандатушы пікірлердің адамдар арасындағы сенімге кері әсер етуі мүмкін екені де назарға алынды.
Кәсіби медиатор өзара түсіністік пен сабырлы диалогтың маңызына тоқталды. Оның айтуынша, кез келген келіспеушілікті ушықтырмай, тараптардың пікірін тыңдап, ортақ шешім іздеу – қоғамдық тұрақтылықты сақтаудың маңызды жолдарының бірі.
Студенттерге діни мәселелерге қатысты сұрақтарын мамандарға қойып, өздерін толғандырған тақырыптар бойынша ақпарат алу мүмкіндігі берілді. Кездесу барысында айтылған кеңестер жастардың ақпаратты саралауына, күмәнді ұсыныстарға сын көзбен қарауына және түрлі көзқарастағы адамдармен сыйластық қарым-қатынас орнатуына бағытталды.


