Өз таңдауың – өз болашағың

Oinet.kz 09-10-2026

image.png

Шымкентте жастардың құқықтық және қаржылық сауаттылығын арттыруға арналған «Өз таңдауың – өз болашағың» тақырыбында кездесу өтті. Шымкент қаласы Жастар саясаты басқармасына қарасты «Жастар ресурстық орталығы» КММ ұйымдастырған іс-шара Шымкент мамандандырылған колледжінде өтті.

Кездесудің мақсаты – жастарға интернет-алаяқтықтың алдын алу жолдарын түсіндіру, жеке қаржыны басқаруда жауапкершілік танытуға үйрету заңсыз әрекеттерге араласудың салдары туралы ақпарат беру.

Іс-шара барысында қатысушыларға интернет арқылы жасалатын алаяқтықтың түрлері таныстырылды. Мамандар алаяқтардың әлеуметтік желілер  арқылы байланысқа шығып, түрлі уәде беру немесе шұғыл шешім қабылдауға итермелеу арқылы адамдарды алдауға тырысатынын түсіндірді. Мұндай жағдайда белгісіз тұлғалар жіберген сілтемелерге өтпеу, күмәнді хабарламаларға сенбеу және жеке мәліметтерді бөгде адамдарға бермеу қажеттігі ескертілді.

Банк картасының нөмірі, құпиясөздер мен SMS арқылы келетін растау кодтары алаяқтардың қолына түссе, азаматтың қаражатына қауіп төнуі мүмкін. Сондықтан кез келген қаржылық операцияны мұқият тексеріп, күмәнді ұсыныстарға сақтықпен қарау маңызды. Әсіресе әлеуметтік желілерде аз уақыт ішінде көп табыс табуға уәде беретін хабарландыруларға сенбес бұрын, оның заңдылығына көз жеткізу қажет.

Кездесуде мамандар  банк картасын немесе шотын бөгде адамдарға пайдалануға беру, өз атына түскен ақшаны басқа есепшотқа аудару сияқты әрекеттердің құқықтық салдары болуы мүмкін екенін түсіндірді. Мұндай ұсыныстар кейде оңай табыс табудың жолы ретінде көрсетілгенімен, адамды алаяқтық схемасына араластыруы ықтимал. Сондықтан жастар өз атына рәсімделген банк шоттары мен карталарын өзге адамдардың пайдалануына бермеуі керек.

Кездесуге «Жастар ресурстық орталығы» КММ психологиялық көмек көрсету бөлімінің психолог маманы Сайдахан Жібек және Шымкент қаласы Полиция департаменті Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі, полиция капитаны Бекбаев Бахытжан  қатысты. Мамандар жастардың сұрақтарына жауап беріп, алаяқтыққа тап болған жағдайда тиісті органдарға жүгіну қажеттігін атап өтті.

Мамандар жастарды әр шешімнің салдарын алдын ала бағалап, өз атына рәсімделген есепшот пен жеке мәліметтердің қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға шақырды.

Прокуратура оқушылармен кездесу өткізді
Діни сауат – теріс ықпалдан қорған
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу