Прокуратура оқушылармен кездесу өткізді

Шымкент қаласында кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу және жасөспірімдердің құқықтық сауатын арттыру бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Осы мақсатта Әл-Фараби ауданының прокуратурасы ювеналды полиция қызметкерлерімен бірлесіп, Ж. Аймауытов атындағы №64 мектеп-гимназиясының оқушыларымен профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Іс-шараға мектеп оқушысының қылмыстық құқық бұзушылық жасауы себеп болған. Кездесудің мақсаты – осындай жағдайлардың алдын алу, оқушыларға заң талаптарын түсіндіру және құқыққа қайшы әрекеттердің салдары туралы ақпарат беру.
Түсіндіру барысында жасөспірімдерге құқық бұзушылық жасағаны үшін көзделген жауапкершілік, заң талаптарын сақтау және қоғамдық ортадағы тәртіп мәселелері айтылды. Мамандар кез келген әрекеттің салдары болатынын, ал заңды білмеу жауапкершіліктен босатпайтынын түсіндірді. Сонымен қатар оқушыларға жанжал кезінде күш қолданудан, өзгенің құқығына нұқсан келтіретін әрекеттерден және заңға қайшы қадамдардан аулақ болу қажеттігі ескертілді.
Жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтың алдын алу тек құқық қорғау органдарының міндеті емес. Бұл ретте мектептің, ата-ананың және қоғамның бірлескен жұмысы маңызды. Баланың мінез-құлқындағы өзгерістерге назар аудару, оның айналасындағы ортаны білу және туындаған мәселелерді дер кезінде талқылау күрделі жағдайлардың алдын алуға көмектеседі.
Профилактикалық кездесулер оқушылардың құқықтық сауатын арттырып қана қоймай, өз әрекетіне жауапкершілікпен қарауға үйретеді. Әсіресе жасөспірім шақта қабылданған шешімдердің салдарын түсіну, өзгенің құқығы мен жеке шекарасын құрметтеу маңызды. Құқықтық түсіндіру жұмыстары балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және мектеп ортасында тәртіпті нығайтуға бағытталған.
Әл-Фараби ауданының прокуратурасы мен ювеналды полиция қызметкерлері кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу шараларын жалғастырады. Негізгі міндет – жасөспірімдерге заң талаптарын түсіндіріп, құқыққа қайшы әрекеттерге жол бермеу және олардың қауіпсіз ортада білім алуына ықпал ету.


