Жастарға «оңай ақшаның» қаупі ескертілді

Шымкент қаласында жастардың құқықтық сауатын арттыру және құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытындағы жұмыстар жалғасуда. «Заң мен тәртіп» қағидаты мен «Саналы ұрпақ» жобасы аясында Еңбекші ауданындағы Авиценна атындағы жоғары медициналық колледждің студенттерімен профилактикалық кездесу өтті.
Жиында жас буын арасында кездесетін құқық бұзушылық түрлері және олардың заң алдындағы салдары талқыланды. Атап айтқанда, буллинг, сталкинг, дропперлік пен бұзақылық әрекеттердің жауапкершілігі түсіндірілді. Мамандар мұндай әрекеттерді жай ғана тәртіп бұзу деп қарастыруға болмайтынын, олардың басқа адамдардың құқығы мен қауіпсіздігіне зиян келтіруі мүмкін екенін жеткізді.
Кездесуде интернет арқылы жасалатын заңсыз әрекеттерге де назар аударылды. Әсіресе дропперлікке қатысты ескерту айтылды. Өзінің банк картасын немесе шотын бөгде адамға беру, ақша аударымдарына делдал болу заңсыз қаржы операцияларына қатысуға әкелуі мүмкін. Сондықтан студенттерге бейтаныс адамдардың өтінішімен ақша қабылдамау, есепшот деректерін бермеу және күмәнді ұсыныстардан аулақ болу қажеттігі түсіндірілді.
Есірткі заттарының адам денсаулығына зияны мен оларды заңсыз сақтау, тасымалдау және тарату үшін көзделген жауапкершілік те сөз болды. Жастарға әлеуметтік желілердегі күмәнді жарнамаларға сенбеу, есірткі жеткізу немесе тарату туралы ұсыныстарды қабылдамау керектігі ескертілді. «Оңай ақша» табуды ұсынатын хабарламалардың артында қылмыстық әрекеттер тұруы мүмкін екені айтылды.
Мұндай кездесулердің маңызы – жастарға заң талаптарын түсіндіріп қана қоймай, күнделікті өмірде дұрыс шешім қабылдауға үйрету. Әсіресе студенттік кезеңде жаңа ортаға бейімделу, әлеуметтік желілерді белсенді пайдалану және табыс табуға ұмтылу кезінде күмәнді ұсыныстарға тап болу қаупі бар. Осындай жағдайда әр әрекеттің салдарын бағалап, заңсыз іске араласпау маңызды.
«Саналы ұрпақ» жобасы аясындағы профилактикалық жұмыстар жастардың жауапкершілігін арттыруға және құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған. Заңды білу, өз құқығын құрметтеу және өзгенің қауіпсіздігіне нұқсан келтірмеу – саналы азамат қалыптастырудың негізгі шарттары.


