Төле би ауданында рухани даму, отбасы құндылығы және мәдениет мәселелері көтерілді

Oinet.kz 18-11-2026

Түркістан облысының Төле би ауданында «Әділет» партиясы өкілдерінің қоғамдық орта мүшелерімен кездесуі ұйымдастырылды.

Screenshot_10.png

Басқосуға партияның облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихат депутаттығына кандидат Алмас Салимов, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, Аналар кеңесінің мүшелері мен мәдениет саласының мамандары қатысты.

Жүздесу кезінде партияның «Әділетті болашақ үшін» сайлауалды бағдарламасы таныстырылып, қоғамның өзекті мәселелеріне қатысты пікірлер айтылды. Атап айтқанда, әлеуметтік дамумен қатар, ұлттық тәрбие, рухани сабақтастық және мәдени құндылықтарды дәріптеу бағыттарына назар аударылды.

Қатысушылар отбасының қоғамдағы орны, жас ұрпаққа тәрбие беру ісі, жастар арасында патриоттық көзқарасты қалыптастыру және ұлттық дәстүрлерді кейінгі буынға жеткізу мәселелерін талқылады. Сонымен бірге мәдениет саласындағы ұйымдардың қызметін жетілдіру, шығармашылық бастамаларға қолдау көрсету, ауылдық елді мекендерде мәдени іс-шараларды көбейту жайы да назардан тыс қалмады.

Алмас Салимов өз сөзінде қоғамдық тұрақтылық пен елдің өркендеуінде рухани құндылықтардың маңызына тоқталды.

«Қоғамның дамуы тек экономикалық көрсеткіштермен өлшенбейді. Оның негізінде отбасы құндылықтары, ұрпақ тәрбиесі, мәдениет пен руханият жатыр. Сондықтан қоғамдық ұйымдардың бастамаларын қолдау, ұлттық мұраны сақтау және мәдениет саласын дамыту – маңызды бағыттардың бірі», – деді ол.

Жиынның қорытынды бөлімінде қатысушылар өздерін толғандырған мәселелерді ортаға салып, бірқатар ұсыныстарын жеткізді. Кездесу барысында көтерілген тақырыптар бойынша пікір алмасу өтіп, қатысушылар партияның сайлауалды бағдарламасында қамтылған бастамаларға қолдау білдіретіндерін айтты.

«Әділет» партиясы ауылдық аумақтардың әлеуетін арттыру мәселелерін көтерді
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу