«Әділет» партиясы ауылдық аумақтардың әлеуетін арттыру мәселелерін көтерді

Oinet.kz 18-11-2026

Төле би ауданында «Әділет» партиясының Түркістан облыстық мәслихатына кандидаттары мен сайлауалды штаб өкілдерінің жергілікті тұрғындармен кездесуі өтті.

Screenshot_9.png

Басқосуға партияның облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихат депутаттығына кандидат Алмас Салимов, сондай-ақ облыстық және аудандық мәслихатқа үміткерлер мен штаб мүшелері қатысты.

Жиын барысында партияның «Әділетті болашақ үшін» атты сайлауалды бағдарламасы таныстырылып, онда белгіленген басым бағыттар жөнінде кеңінен сөз қозғалды. Талқылаудың негізгі өзегі ауылдық елді мекендердің дамуы, аграрлық секторды қолдау, су тапшылығы мәселесін шешу, инвестициялық мүмкіндіктерді кеңейту және шағын бизнесті өркендету тақырыптарына арналды.

Кездесуде сөз алған Алмас Салимов Түркістан облысының экономикасында ауыл шаруашылығы ерекше орын алатынын атап өтті. Оның айтуынша, ауылдық жерлердің тұрақты дамуы үшін саланың инфрақұрылымын жетілдіріп, шаруашылықтардың өндірістік мүмкіндіктерін арттыру қажет.

«Түркістан облысында тұрғындардың едәуір бөлігі ауылдық жерлерде өмір сүретіндіктен, аграрлық секторды қолдау өңірдің дамуымен тікелей байланысты. Осы орайда су үнемдеу әдістерін кеңінен қолдану, қолданыстағы ирригациялық жүйелерді жаңарту, қосымша су қоймаларын салу және ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдейтін кәсіпорындарды көбейту маңызды. Мұндай шаралар шаруалардың жұмысын жеңілдетіп қана қоймай, ауылдық аумақтарда жаңа жұмыс орындарының ашылуына да мүмкіндік береді», – деді Алмас Салимов.

Сонымен қатар сайлауалды бағдарламада тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған бастамаларға да орын берілген. Олардың қатарында тұрақты жұмыспен қамту, жастарға еңбек тәжірибесін жинақтауға жағдай жасау, әлеуметтік осал топтар мен отбасыларға қолдау көрсету, медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру мәселелері бар.

Кездесу соңында тұрғындармен еркін форматта пікір алмасу ұйымдастырылды. Жергілікті халық ауданның өзекті мәселелерін атап өтіп, елді мекендердің инфрақұрылымы мен әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты ұсыныстарын ортаға салды. Партия өкілдері көтерілген мәселелерді тыңдап, сайлауалды бағдарлама аясындағы бағыттар бойынша түсініктеме берді.

Созақта «Әділет» партиясының сайлауалды бағдарламасы таныстырылды
Төле би ауданында рухани даму, отбасы құндылығы және мәдениет мәселелері көтерілді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу