Созақта «Әділет» партиясының сайлауалды бағдарламасы таныстырылды
Созақ ауданында «Әділет» партиясының 2026–2031 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасын түсіндіруге бағытталған бірқатар кездесу өтті.

Шолаққорған ауылындағы мәдениет сарайында ұйымдастырылған жиынға партияның Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алмас Салимов, облыстық сайлауалды штаб мүшелері, сондай-ақ жергілікті қоғам өкілдері қатысты.
Кездесу барысында партия өкілдері алдағы бес жылға арналған бағдарламаның негізгі басымдықтарын таныстырып, оның өңірлерді дамыту мен тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған тұстарына тоқталды. Басты назар экономикалық өсімге, әлеуметтік мәселелерді шешуге, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға аударылған.
Бағдарламада бірнеше маңызды бағыт қамтылған. Атап айтқанда, «Заң мен тәртіп» аясында қоғамдық қауіпсіздікті нығайту, 9 мыңнан астам бейнебақылау камерасын орнату және 400-ден астам «Әділет керуені» форматындағы көшпелі қабылдау өткізу жоспарланып отыр. Ал «Тиімді институттар» бағыты мемлекеттік және өкілді органдардың халық алдындағы жауапкершілігін арттыруды, депутаттардың тұрғындармен тұрақты байланысын жолға қоюды көздейді.
«Қуатты өңірлер» бастамасы аясында тұрғын үй құрылысын жандандыру, елді мекендерді табиғи газбен қамту көрсеткішін 97 пайызға жеткізу және 2 500 шақырым жолды жөндеуге ықпал ету міндеттері белгіленген. Сонымен бірге ауыл шаруашылығын өркендету, кәсіпкерлікті қолдау, инвестиция тарту және жаңа жұмыс орындарын ашу мәселелері де назардан тыс қалмаған.
Бұдан бөлек, білім беру, денсаулық сақтау, цифрландыру, мәдениет және спорт салаларын дамытуға арналған ұсыныстар таныстырылды. Экологиялық мәселелерді шешуге бағытталған «Таза Қазақстан» бағыты бойынша көгалдандыру жұмыстарын кеңейту, қоршаған ортаның тазалығын сақтау және тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу көзделген.
Партия өкілдерінің аудан тұрғындарымен кездесулері сала мамандарымен жүздесу форматында да жалғасты. Атап айтқанда, «Әділет» партиясынан Түркістан облыстық мәслихатына бірмандаттық сайлау округі бойынша үміткер Азамат Рахманбердиев пен Созақ аудандық мәслихатының №3 сайлау округінен кандидат Базарбай Нұрланов аудандық спорт саласының қызметкерлерімен кездесті. Жиынға аудандық сайлауалды штаб жетекшісі Талғат Сейдахметұлы мен штаб мүшесі Нағашбек Тасқынов қатысты.
Кездесуде кандидаттар өздерінің сайлауалды ұстанымдары мен өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты жоспарларын ортаға салды. Әсіресе, бұқаралық спортты дамыту, спорт нысандарының қолжетімділігін арттыру, балалар мен жасөспірімдердің тұрақты түрде спортпен шұғылдануына мүмкіндік жасау және сала мамандарын қолдау мәселелері кеңінен талқыланды.

Сонымен қатар Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айқындалған міндеттерге назар аударылып, адами капиталды дамыту мен салауатты өмір салтын қалыптастырудың маңызы атап өтілді. Кандидаттар спорт қызметкерлерінің қоғамдағы орнына тоқталып, олардың жас ұрпақ тәрбиесіндегі еңбегін ерекше бағалады. Жиынға қатысушылар тарапынан қойылған сауалдарға жауап беріліп, ұсыныс-пікірлер тыңдалды.
Партияның облыстық филиалының төрағасы Алмас Салимов сайлауалды бағдарламаның басты ерекшелігі нақты мақсаттар мен өлшенетін көрсеткіштерге негізделгенін атап өтті. Оның айтуынша, негізгі міндет – тұрғындардың сенімін ақтап, елді мекендерде көтерілген өзекті мәселелердің шешілуіне ықпал ету.
Жалпы, мұндай кездесулер партияның алдағы кезеңге арналған жоспарларын көпшілікке жеткізіп қана қоймай, тұрғындардың талап-тілектерін тыңдауға да мүмкіндік береді. Жергілікті жұртшылық өздерін толғандырған мәселелерді ортаға салып, ұсынылған бастамаларға қатысты пікірлерін білдірді.


