Келесте ауылдық инфрақұрылым мен көлік қатынасы мәселелері көтерілді
«Әділет» партиясының сайлауалды науқаны аясында Келес ауданында тұрғындармен және еңбек ұжымдарымен кездесулер жалғасуда.

Кезекті жүздесулер Бесқұбыр елді мекенінде және Абай ауылындағы «Ер-Дәуіт» автобекетінде ұйымдастырылды.
Басқосуларға партияның Келес аудандық филиалының төрағасы Мадияр Әшірбаев, партия атынан кандидат Бұхарбай Нұрғазы және аудандық мәслихат депутаттығына үміткерлер қатысты.
Кездесулерде «Әділет» партиясының сайлауалды бағдарламасы таныстырылып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты міндеттер талқыланды. Әсіресе, ауылдық жерлердегі инфрақұрылымды жетілдіру, халыққа қолайлы тұрмыс жағдайын қалыптастыру және тұрғындардың күнделікті қажеттіліктерін қамтамасыз ету мәселелері назарға алынды.
Бесқұбыр ауылындағы кездесуде жергілікті халықты толғандырған бірқатар түйткіл сөз болды. Атап айтқанда, ауылішілік жолдардың сапасын жақсарту, ауызсу мен газбен қамту, көшелерді абаттандыру және әлеуметтік нысандардың жағдайын реттеу жөнінде ұсыныстар айтылды. Тұрғындар елді мекеннің дамуына қатысты ойларын ортаға салып, шешімін күткен мәселелерді жеткізді.

Ал Абай ауылындағы «Ер-Дәуіт» автобекетінің қызметкерлерімен өткен жүздесуде қоғамдық көлік саласының өзекті бағыттары талқыланды. Жолаушылар тасымалының сапасын арттыру, көлік қатынасының қолжетімділігін қамтамасыз ету, жол инфрақұрылымын жақсарту және халыққа көрсетілетін қызмет деңгейін көтеру мәселелеріне басымдық берілді. Автобекет ұжымы да саладағы жұмыс барысына қатысты пікірлері мен ұсыныстарын білдірді.
Екі кездесуде де жергілікті тұрғындар мен еңбек адамдарының талап-тілектерін тыңдау, көтерілген мәселелерді назардан тыс қалдырмай, оларды шешудің нақты жолдарын қарастыру қажеттігі атап өтілді.
Жүздесулер ашық пікір алмасу форматында өтіп, қатысушылар өздерін толғандырған сауалдарға жауап алып, ұсыныстарын жеткізуге мүмкіндік алды. Партия өкілдері ауылдардың әлеуетін арттыру мен тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту бағытындағы жұмыстардың маңыздылығына тоқталды.


