Келес ауданында сайлауалды бағдарламаның басым бағыттары талқыланды
Келес ауданында «Әділет» партиясының сайлауалды науқаны аясында түрлі сала өкілдерімен бірқатар кездесу ұйымдастырылды.

Жүздесулер барысында партияның 2026–2031 жылдарға арналған «Әділетті болашақ үшін» бағдарламасы таныстырылып, ауданның әлеуметтік дамуына қатысты өзекті мәселелер ортаға салынды.
Алғашқы кездесу Абай атындағы Келес аудандық орталық ауруханасының ұжымымен өтті. Оған «Әділет» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының орынбасары Полат Тұрсынбаев, аудандық филиал төрағасы Мадияр Әшірбаев және облыстық мәслихат депутаттығына кандидат Бахыт Басымбек қатысты.
Жиында алдағы бес жылға арналған бағдарламаның негізгі бағыттары түсіндіріліп, әділетті қоғам қалыптастыру, заң үстемдігін қамтамасыз ету, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру және өңірлердің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін көтеру мәселелері сөз болды.
Әсіресе денсаулық сақтау саласына қатысты ұсыныстарға басымдық берілді. Медициналық қызметтің сапасы мен қолжетімділігін арттыру, ауруханалардың материалдық-техникалық жағдайын жақсарту, заманауи технологияларды енгізу, медицина мамандарын қолдау және ауыл тұрғындарына көрсетілетін медициналық көмекті жетілдіру бағыттары талқыланды. Аурухана қызметкерлері де саладағы өзекті мәселелер бойынша пікір білдіріп, ұсыныстарын жеткізді.
Бұдан бөлек, аудандық спорт кешенінде өткен кездесуде спорт саласын өркендету мәселелері қарастырылды. Басқосуға партияның аудандық филиалының төрағасы Мадияр Әшірбаев, партия атынан кандидат Бұхарбай Нұрғазы және аудандық мәслихат депутаттығына үміткерлер қатысты.
Кездесу барысында бұқаралық спортты дамыту, спорт нысандарының қолжетімділігін арттыру, жас спортшыларға қолдау көрсету және ауылдық жерлерде спортпен тұрақты айналысуға қажетті жағдай жасау жөнінде пікір алмасылды. Қатысушылар аудан спортының әлеуетін арттыру үшін инфрақұрылымды жетілдірумен қатар, жергілікті тұрғындардың ұсыныстарын ескерудің маңыздылығын атап өтті.

Жалпы, екі кездесуде де партия бағдарламасында қамтылған білім беру, жұмыспен қамту, кәсіпкерлікті қолдау, цифрландыру, әлеуметтік қорғау, ауыл шаруашылығы мен инфрақұрылымды дамыту бағыттарына назар аударылды. Сонымен бірге халықтың өмір сүру сапасын жақсарту, адами капиталды дамыту және тұрғындармен тұрақты кері байланыс орнату мәселелері қозғалды.
Жүздесулер ашық диалог форматында өтіп, сала мамандары мен кездесуге қатысушылар өздерін толғандырған сауалдарын қойып, пікірлерін ортаға салды. Партия өкілдері айтылған ұсыныстардың маңыздылығына тоқталып, сайлауалды бағдарламаның басты мақсаты елдің тұрақты дамуына ықпал ету және азаматтардың әл-ауқатын арттыру екенін жеткізді.
Кездесу соңында штаб мүшелері тұрғындарды алдағы мәслихат сайлауына белсенді қатысып, өз таңдауларын жасауға шақырды.


