Бәйдібекте ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлікті дамыту мәселелері талқыланды
Түркістан облысында «Әділет» партиясының өкілдері өңір тұрғындарымен кездесіп, ауылдық аумақтардың даму мүмкіндіктері мен халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту бағытындағы бастамаларды талқылады. Осындай басқосудың бірі Бәйдібек ауданында ұйымдастырылды.

Кездесуге партияның Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихат депутаттығына кандидат Алмас Салимов, сайлауалды штаб мүшелері және облыстық, аудандық мәслихат депутаттығына кандидаттар қатысты.
Жиын барысында «Әділетті болашақ үшін» атты сайлауалды бағдарламаның басым бағыттары таныстырылып, ауданның экономикалық әлеуетін арттыруға қатысты мәселелерге басымдық берілді. Әсіресе, аграрлық секторды қолдау, су тапшылығының алдын алу, инвестициялық жобаларды іске асыру және шағын бизнестің дамуына қолайлы жағдай қалыптастыру жайы сөз болды.
Алмас Салимов ауыл шаруашылығы Түркістан облысының экономикасында айрықша орын алатынын атап өтті. Оның айтуынша, саланың тиімділігін арттыру үшін су үнемдеу технологияларын енгізу, ирригациялық жүйелерді жаңарту, су қоймаларын салу және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу бағытындағы жұмыстарды жандандыру қажет. Бұл шаралар шаруалардың мүмкіндігін кеңейтіп қана қоймай, ауылдық жерлерде қосымша жұмыс орындарын ашуға да жол ашады.
Сонымен қатар аудан экономикасын әртараптандыру, өндіріс орындарын көбейту және кәсіпкерлік бастамаларды қолдау мәселелері қарастырылды. Партия өкілдері инвестиция тарту арқылы жергілікті өндірісті өркендету мен тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтудың маңызын жеткізді.
Әлеуметтік бағыттағы міндеттер де назардан тыс қалған жоқ. Атап айтқанда, жастарды еңбек нарығына бейімдеу, кәсіби тәжірибе жинақтауына мүмкіндік беру, әлеуметтік қолдауды жетілдіру және медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыру мәселелері көтерілді.
Кездесудің екінші бөлігінде ауыл тұрғындары өздерін толғандырған сауалдарын қойып, ұсыныстарын ортаға салды. Ашық форматта өткен әңгіме барысында ауылдың күнделікті тыныс-тіршілігіне қатысты мәселелер де қозғалды.
Партия өкілдерінің айтуынша, ауылдық аумақтарды дамыту тек аграрлық өндірісті қолдаумен шектелмей, тұрғындарға сапалы әлеуметтік қызмет ұсынып, кәсіпкерлікке жол ашу және жаңа экономикалық мүмкіндіктер қалыптастырумен қатар жүруі тиіс. Осы арқылы ауыл мен қала арасындағы даму алшақтығын азайтып, халықтың тұрмыс сапасын көтеру көзделіп отыр.


