«Әділет» партиясы Түркістан облысында маңызды мәселелерді талқылады
Түркістан облысында «Әділет» партиясы өкілдерінің қатысуымен спорт саласының даму перспективалары, әлеуметтік-экономикалық міндеттер және еңбек адамдарының мүддесін қорғау мәселелеріне арналған бірқатар кездесулер өтті.

Алдымен партияның облыстық филиалы өкілдері Олимпиадалық резерв даярлау орталығының ұжымымен жүздесіп, Қазақстан Республикасы Президентінің 2026 жылғы 28 қазандағы Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген басымдықтарды өңірде жүзеге асыру жолдарын талқылады.
Жиында филиал төрағасының орынбасары Қалыйма Жантөреева адами капиталды дамыту, жастарға сапалы білім беру және олардың қабілетін шыңдауда спорттың алатын орнына тоқталды. Оның пікірінше, спорттық инфрақұрылымды жетілдіру, дарынды жастарды қолдау және олимпиадалық резервті даярлау жүйесін нығайту елдің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді.
Ал Түркістан қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Қыдырәлі Рысбеков спорттың тек дене шынықтыру құралы ғана емес, жас ұрпақты отансүйгіштікке, тәртіп пен жауапкершілікке тәрбиелейтін маңызды тетік екенін атап өтті. Кездесу барысында орталық қызметкерлері материалдық-техникалық базаны жақсарту, жаттығу жағдайларын оңтайландыру және спорт нысандарын дамыту жөніндегі ұсыныстарын жеткізді.
Партия өкілдерінің тағы бір кездесуі Ордабасы ауданында өтті. Оған облыстық филиал төрағасы әрі сайлауалды штаб жетекшісі Алмас Салимов, облыстық мәслихат депутаттығына кандидаттар, аудандық штаб мүшелері, ардагерлер мен зиялы қауым өкілдері қатысты.

Басқосуда «Әділетті болашақ үшін» атты бес жылдық сайлауалды бағдарлама таныстырылды. Алмас Салимов құжатта қамтылған негізгі бағыттарды түсіндіріп, заң мен тәртіпті нығайту, өңір экономикасын дамыту және тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту мәселелеріне басымдық берілгенін айтты.
Сондай-ақ кандидаттар білім беру мен денсаулық сақтау салаларының сапасын арттыру, инфрақұрылымды жаңғырту, кәсіпкерлікті қолдау, жаңа жұмыс орындарын ашу және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы ұсыныстарын ортаға салды. Жергілікті тұрғындар да өз пікірлерін білдіріп, қоғамдық тұрақтылық пен ел бірлігінің маңыздылығын атап өтті.
Бұдан бөлек, партияның облыстық сайлауалды штабының мүшелері «Батсу Водоканал» ЖШС қызметкерлерімен кездесіп, жұмысшы мамандықтарының мәртебесі мен еңбек адамының қоғамдағы орны жөнінде пікір алмасты.
Кездесу барысында өндіріс қызметкерлерінің еңбек жағдайы, әлеуметтік кепілдіктері мен құқықтарын қорғау, кәсіби мамандарды қолдау мәселелері қозғалды. Ұжым мүшелері күнделікті қызмет барысында кездесетін түйткілдерді айтып, өз ұсыныстарын жеткізді.

Алмас Салимов елдің экономикалық дамуы білікті мамандар мен адал еңбекке тікелей байланысты екенін атап өтті. Сонымен қатар партияның сайлауалды бағдарламасында жұмыспен қамтуға жәрдемдесу, еңбеккерлердің құқықтарын қорғау, әлеуметтік қолдауды жетілдіру және өндірістік әлеуетті арттыру мәселелері қамтылғанын жеткізді.
Өткен кездесулердің барлығында ортақ назар өңірдің даму әлеуетін арттыруға, тұрғындардың өзекті мәселелерін тыңдауға және оларды шешудің тиімді жолдарын қарастыруға аударылды. Партия өкілдері қоғаммен тұрақты байланыс орнату мен түрлі сала мамандарының ұсыныстарын ескеру алдағы жұмыстардың маңызды бөлігі екенін атап өтті.


