Отбасылық зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілуде
Ата заңға бағыну әр азаматтың міндеті. Елімізде отбасылық зорлық-зомбылыққа заңмен қатаң тиым салынған.
Ол талап полиция тарапынан бақылауға алынған. Бүгінгі күні Шымкент қаласында отбасылық зорлық-зомбылықпен күрес тек полицияның күшімен емес, кешенді әдіспен жүргізілуде.
Шымкент қалалық өңірлік коммуникациялар қызметі алаңының баспасөзі хабарлағандай 2025 жылдың жарты жылдығында қалада жаңадан ашылған бөлімдер 728 жәбірленушіні жеке қабылдап, олардың проблемаларын тыңдаған. Қауіптілігі жоғары деп танылған 68 агрессор анықталып, олардың 48-і өз еркімен психологиялық көмек алған. Жалпы 68 адамға көмек көрсетіліп, оның ішінде 15-і арнайы әлеуметтік, 53-і құқықтық көмекке жүгінген.
Шымкент қаласы полиция департаменті жергілікті полиция басқармасы бастығының орынбасары Ердәуіт Ниязовтың айтуынша, шаһардағы төрт дағдарыс орталығымен тығыз жұмыс жолға қойылған. 712 әйел орталыққа жүгініп, оның 135-і және 278 бала уақытша орналастырылыпты. Полиция тарапынан 31 әйел мен 56 бала осы орталықтарға жеткізілген. Бұл орталықтарда 338 әлеуметтік, 1986 психологиялық, 867 құқықтық және 707 консультациялық қызмет көрсетілген. Сонымен қатар, «Бақытты жанұя» орталығында 227 отбасыға құқықтық кеңес беріліпті.
– Шымкент қаласы аумағында бұқаралық ақпарат құралдары арқылы да ауқымды түсіндіру жұмыстары жүріп жатыр. «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» Заңның талаптарын насихаттау мақсатында 565 жарияланым жасалды: интернетте – 519, баспасөзде – 14, теледидарда – 15, радио мен ақпарат агенттіктерінде де жарияланымдар шықты. Ашық есік күндері өткізіліп, тұрғындарға құқықтық түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Ағымдағы жылдың сәуір-маусым айларында өткен «Отбасында зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» акциясы аясында 370 жарияланым жарияланып, 81 іс-шара өткізілді. Іс-шаралар қатарында лекциялар, дөңгелек үстелдер, семинарлар, тренингтер және конференциялар болды. Қарағандыдан басталған челендж-флешмобты Шымкент жалғастырып, кейін Қызылорда облысына жолдады. Бұл акция республикалық деңгейде жоғары бағаланып, бірінші орынды иеленді, – дейді Ердәуіт Ниязов.
Сондай-ақ білім беру мекемелерінде де алдын алу бағытындағы шаралар қолға алынған. Абай Құнанбаев атындағы мектеп пен №85 мектепте балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу алгоритмі туралы дәрістер өткізілді. Жастар ресурстық орталығында психолог мамандардың қатысуымен «Отбасы тұрмыстық зорлық-зомбылық» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылған. Бұл бағыттағы жұмыстар бүгінгі күні өз жалғасын тауып келеді.