Шымкент қаласында жылу қазандықтары мен жылу желілерінің дайындығы пысықталуда
Шымкент қаласы әкімдігінің сайтында жарияланған ақпаратқа сәйкес қала әкімдігі алдағы жылыту маусымына дайындық жұмыстарын басты назарда ұстап отыр.
Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтың айтуынша, алдағы жылу беру маусымының тұрақты және үздіксіз өтуін қамтамасыз ету мақсатында жылумен қамту нысандарында кешенді жөндеу және алдын алу шаралары жүргізілуде.
– Жылу маусымына дайындық үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Дегенмен бүгінгі күні алдағы жылу маусымына қатысты қала әкімдігі тарапынан қолға алынған барлық шаралар тұрғындарды жылусыз қалдырмай, қыс мезгілін қалыпты әрі қауіпсіз жағдайда өткізуге бағытталып отыр. Осы салаға жауапты басқарма тарапынан жүргізілген тексерістер кейбір ақаулар мен кемшіліктерді уақтылы жоюға мүмкіндік беруде. Айталық, гидравликалық сынақтар нәтижесінде 98 ақау анықталып, соның 68-і немесе шамамен 70 пайызы бүгінгі күні жойылған. Жөндеу жұмыстары магистральдық желілермен қатар, ішкі орамдық жүйелерде де қарқынды жалғасып жатыр. Ал көпқабатты тұрғын үйлерді дайындау ерекше бақылауға алынған. Қазіргі таңда 2154 көпқабатты тұрғын үйдің 456-сы толық дайындалған. Әлеуметтік маңызы бар нысандар – мектептер, ауруханалар, мәдениет және спорт мекемелері де жоспарға сәйкес әзірленуде. 212 нысанның 104-і жылыту маусымына сақадай дайын, – дейді қала әкімі.
Сонымен қатар, қазандықтар мен сорғы станцияларын дайындау жұмыстары да жалғасын табуда. Атап айтсақ, 27 қазандықтың 16-сы, 40 мектеп қазандығының 20-сы дайын. Сорғы станцияларындағы жоспарланған жұмыстың 47 пайызы орындалған. Қазіргі уақытта жылу жабдықтарына ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жуық арада аяқтау көзделген.
Қала әкімінің айтуынша, жаңа оқу жылына дейін, дәлірек айтқанда білім мекемелеріндегі қазандықтар 1 қыркүйекке дейін дайын болады. Сондай-ақ осы мерзімде ескі құбырлардың жылу оқшауламасы толық ауыстырылады. 2927 шибердің 80-і жаңасына алмастырылады. Бұдан бөлек, бірқатар нысандарда ғимараттар мен қоршауларды сырлау және әктеу жұмыстары жүріп жатыр. Сондай-ақ қатты отынмен жұмыс істейтін қазандықтар үшін 1 650 тонна көмір сатып алу жоспарланған. Қала бойынша жалпы 137 учаскеде 33,2 шақырым жылу құбыры жаңартылуда. Бұл жұмыстар 10 қазанға дейін аяқталады. «Күншығыс» шағынауданында ұзындығы 0,45 шақырым желі жаңартылып жатыр.
«2029 жылға дейінгі ұлттық жоба аясында ТЭЦ-3 станциясынан бастап ОНС-1 негізгі сорғы станциясына дейінгі магистральдық жылу желілері қайта жаңғыртылады. Жобаның жалпы ұзындығы – 17 шақырым. Оның алғашқы кезеңі 2025–2026 жылдарға жоспарланып, осы аралықта 4,5 шақырым құбыр ауыстырылады» – дейді қала әкімі.