Шымкент қаласында «FSM Social» қанатқақты жобасы жұмыс істеуде
Шымкент қалалық өңірлік коммуникациялар қызметі алаңының баспасөзі хабарлағандай, қалада атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау рәсімін оңтайландыру мақсатында «FSM Social» қанатқақты жобасы іске қосылып, жұмыс істеуде.
Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Жанат Өтебаеваның айтуынша, қанатқақты жоба еліміздің Қарағанды облысы мен Шымкент қаласында жүзеге асырылуда екен.
– Мемлекет тарапынан қабылданған жобалар мен бағдарламалардың барлығы да ел халқының әлеуметтік әлаухатын көтеруге, ел экономикасын дамытуға бағытталған. Осы бағытта қабылданған жобалардың бірі – атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау рәсімін оңтайландыру мақсатында «FSM Social» қанатқақты жобасы. Жалпы 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап учаскелік комиссиялардың жұмысы толықтай цифрлық форматқа көшіріліп, мобильді қосымша арқылы жүргізілуде. Жаңа жобаның мақсаты – шешім қабылдау үдерісін жеделдету, формальды тексерулерді болдырмау, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту. Жаңа қосымша арқылы өтініш берушінің нақты орналасқан жері анықталып, отбасының материалдық жағдайы фотофиксация арқылы тіркеледі және арнайы акт жасалады, – дейді басқарма басшысы.
Жалпы орталық тарапынан құқықтық, әлеуметтік және психологиялық көмек те көрсетіледі. Алайда кейбір азаматтардың банк шоттарының бұғатталуы олардың жұмыспен қамтылуына кедергі келтіруде. Ал қанатқақты жоба Шымкент қаласы әкімдігінің қаулысы негізінде бекітіліп, Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының үйлестіруімен жүзеге асырылуда. Жобаны іске асыруға «Отбасын қолдау» орталығы жауапты. Қазіргі таңда қалада бір ғана орталық жұмыс істеп тұр. Жоба шеңберінде денсаулық сақтау, білім беру, ішкі істер және пробация қызметтерінің өкілдерімен бірлескен түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Арнайы оқыту курсынан 552 қызметкер өткен. Қазіргі таңда жүйеде 240 мемлекеттік мекемеден 1297 маман тіркеліп, өз қызметін атқаруда. Жүйеге 1547 отбасы туралы мәлімет енгізіліп, оның ішінде 1199 отбасы әлеуметтік кеңес алған.
«Бүгінгі күні шаһар аумағындағы төрт аудан бойынша құрылған мобильді топтар (жалпы саны – 752 лауазым иесі) өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларды уақтылы анықтап, кешенді әлеуметтік көмек көрсетуге жұмылдырылған. Жалпы мемлекеттік мекемелерден 348 сигнал тіркелсе, соның 58-і пробация қызметінен келіп түскен. Бұл азаматтардың басым бөлігі жұмыссыздық пен материалдық қиындықтарға тап болған. Аталған мәліметтер еңбек мобильділігі орталығына және тиісті аудан әкімдіктеріне жолданып, нәтижесінде 4 азамат жұмыспен қамтылып, бірнеше отбасы азық-түлікпен қамтамасыз етілді. Осының барлығы жаңа жобаның аясында атқарылуда, – дейді басқарма басшысы.