Шымкент қаласында ауыл шаруашылығы санағына дайындық басталды

Oinet.kz 23-07-2025 54

Шымкент қаласының өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында ұлттық ауыл шаруашылығы санағын өткізуге арналған баспасөз мәслихаты өткенін хабарлайды Шымкент қаласы әкімдігінің сайты.

1000394848.jpg

Ол баспасөз мәслихатында Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Шымкент қаласы бойынша Ұлттық статистика бюросы департаментінің басшысы Ерназар Сейтханұлы бұл науқанның маңыздылығына тоқталды.

– Биыл ауыл шаруашылығы санағы 1 тамыз бен 20 қазан аралығында өткізу жоспарланған. Оны өткізу екі кезеңнен тұрады. Бірінші – онлайн кезең, бұл 1 мен 31 тамыз аралығын қамтып, sanaq.gov.kz сайтында респонденттер сауалнама парақтарын өз бетінше толтыра алады. Электронды цифрлық қолтаңба, QR-код немесе SMS арқылы жүйеге тіркеліп, көрсеткіштерді жаңартуға мүмкіндік беріледі. Бұл әдіс уақыт үнемдеп қана қоймай, деректер сапасын арттырады. Онлайн сауалнама толтыру барлық ұйымдасқан шаруашылықтар үшін міндетті. Осыған орай Шымкент қаласында 13 өзіне-өзі қызмет көрсету пункті ашылған. Егер сауалнаманы толтыруда сұрақтар туындаса, арнайы әзірленген «sanaq-Myrza» виртуалды көмекшісі немесе 1446 байланыс орталығы арқылы көмек алуға болады. Екінші – офлайн кезең 20 қыркүйек пен 20 қазан аралығында өтеді. Интервьюерлер ауылдық жерлердегі шаруашылықтарды аралап, деректерді тікелей жинайды, – деп атап өтті департамент басшысы.

Спикердің айтуынша, ауыл шаруашылығы санағы агроөнеркәсіп кешенінің нақты әлеуетін анықтап, саладағы өзекті мәселелер мен даму бағыттарын бағалауға мүмкіндік береді. Санақ нәтижесі мемлекеттік бағдарламалар мен қолдау шараларын тиімді жоспарлауға сеп болмақ. Ерназар Сейтханұлының айтуынша, сауалнамада ауыл шаруашылығы техникасы, инфрақұрылым, жер көлемі, мал басы және еңбек ресурстары жайлы сұрақтар қамтылады. Санаққа қатысудан бас тартқан тұлғалар заңнамаға сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Мәліметтердің құпиялылығы толықтай сақталады, сандар тек жиынтық түрде өңделіп, басқа мемлекеттік органдарға берілмейді.

– Санақ барысында интервьюерлер ретінде оқытылған 10 азамат жұмыс істейді. Олар арнайы онлайн платформада білім алып, тест тапсырады. Алынған мәліметтердің алғашқы нәтижелері 2025 жылдың желтоқсанында жарияланып, толық есебі 2026 жылы ұсынылады. Бұл санақ елдің аграрлық саласын дамытудағы маңызды деректер базасын қалыптастырады және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде үлкен рөл атқарады. Барша азаматтардан белсенділік пен саналы көзқарас күтіледі. Сөзімнің басында айтқанымдай, бұл санақ – елдің аграрлық секторы туралы өзекті және сенімді ақпарат жинауға бағытталған стратегиялық статистикалық шара. Санақ нәтижелері ауыл шаруашылығы өндірушілерін қолдау, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және тиімді мемлекеттік саясат қалыптастыру үшін қажет. Іс-шараны ұйымдастыру жөніндегі шешімді Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Үкімет қабылдаған. Санақ мерзімі аграрлық маусымның ерекшеліктері ескеріліп таңдалды. Бұл – тек статистикалық есеп емес, бүкіл ел үшін маңызды ұлттық бастама, – дейді департамент басшысы.

Мүмкіндігі шектеулі азаматтардан түскен 30167 өтініш қанағаттандырылған
Шымкент қаласында үш өндіріс ошағы ашылды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу