Шымкент қаласында үш өндіріс ошағы ашылды
Шымкент қаласы әкімдігінің сайтында жарияланған ақпаратқа сүйенсек, шаһарда үш өндіріс ошағы ашылып, жұмысын бастады. Оның ашылу салтанатына қала әкімі Ғабит Сыздықбеков арнайы қатысты.
Бүгінгі күні Шымкент қаласындағы «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы мен Жұлдыз» индустриялық аймағында өндіріс орындары көптеп ашылуда. Президент тапсырғандай аймақта шағын және орта кәсіпкерлікке жақсы жол ашылған. Өндіріс орындары көптеп ашылып, қой арнайы экономикалық аймақта іске қосылған өндіріс ошақтары ел экономикасының дамуына елеулі үлес қосуда. Міне, кеше қала әкімінің қатысуымен іске қосылған өндіріс ошағының бірі – «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында орналасқан «BIK Kanc» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. А4, А3 форматтағы қағаз өндіретін жобалық құны 500 миллион теңге. Зауыттың жылдық қуаты 3,5 миллион қағаз қаптаманы құрайды. Жоба аясында 35 адам тұрақты жұмыс орнымен қамтылған.
Екінші ашылған өндіріс орны – осы «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында орналасқан «ZeineP» жеке кәсіпкерлігі. Ол зауыт дезинфекциялық құралдар өнідірісін жолға қойған. Жаңа өндіріс ошағының жылдық қуаты 10 мың тоннаны құрайды. «ZeineP» кәсіпорнында 80 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Кәсіпорын өнімін ішкі нарыққа өткеруде. Сондай-ақ ТМД елдеріне экспорттауды жоспарлап отыр.
Үшінші ашылған өндіріс ошағы «Жұлдыз» индустриялық аймағында орналасқан «Sauran Bricks» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Серіктестік зауытында автоклавты газды бетон өндірісі қолға алынған. Бұл автоклавты газды бетон өндірісі инвестициялық жобасы Оңтүстік өңірін сапалы құрылыс материалдарымен қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырылып отыр. Зауыттың жалпы инвестициялық құны 7,8 миллиард теңгені құрайды. Зауыт толық қуаттылықпен іске қосылғаннан кейін үш ауысымда 150 адамды тұрақты жұмыспен қамту жоспарлануда. Кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 200 мың м³, (күніне 555 м³ немесе айына 16 500 м³) өнім шығаруға мүмкіндік береді.
Жобаны іске асыру үшін «Жұлдыз» индустриялық аймағынан 5,2 гектар жер телімі бөлінген. Қазіргі уақытта зауыттың құрылыс-монтаж жұмыстары толық аяқталып, қытайлық KEDA компаниясының заманауи, автоматтандырылған технологияларына негізделген құрал-жабдықтар орнатылған. Бұл өнімділікті арттырып, сапаны қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жобаның іске асуы құрылыс индустриясының дамуына, импортты алмастыруға, сапалы және қолжетімді құрылыс материалдарымен қамтамасыз етуге, өңірлік экономиканың жандануына елеулі үлес қоспақ.
– Шымкент қаласындағы «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы мен «Жұлдыз» индустриялық аймағында бүгін іске қосылырп отырған өнеркәсіп ошақтарының қала экономикасына қосар үлесі зор. Бұл жаңа ашылған зауыттар өнім өндіріп қана қоймай, қала тұрғындарын тұрақты жұмыс орындарымен қамтып, қаланың дамуына да өз үлестерін қосуда, – дейді қала әкімі.