Шахмат пен тоғызқұмалақтан жарыс ұйымдастырылды

Oinet.kz 23-07-2025 64

Шымкент қаласында ұлттық спортқа елеулі көңіл бөлініп келеді.

1000394856.jpg

Жуырда Шымкент қаласына қарасты Қаратау ауданында спорттың шахмат пен тоғызқұмалақ түрлері бойынша мүмкіндігі шектеулі азаматтар арасында қалалық біріншілік өтті. Зияткер Тұран» мектебінде ұйымдастырылған жарысқа көзі нашар көретін, зағип жандар және тірек-қимыл мүшесі зақымданған, құлағы нашар еститіндер қатысты.

№19 мүгедектігі бар балаларға арналған спорт мектебінің аға жаттықтырушысы Қаламқас Алдажұманованың айтуынша, шахматқа 18, тоғызқұмалаққа 20 адам қатысып, бақ сынаған. «Қатысушылар жеті айналым ойнайды.  Ойын барысында әр ойыншыға он бес минуттан беріледі. Ойынның ең соңында жеңімпаздарды марапаттаймыз. Бірінші орын біреу, екінші орынға екі орын, үшінші орынға екі орын, сонымен бес орынға дейін жүлделі орындар бар», – дейді ол.

Іс-шараның ресми ашылуында «Зияткер Тұран» мектебінде біріншілікке байланысты мерекелік концерт қойылды. Оған Қаратау ауданының әкімі Алмас Абаев қатысты. Ол алдымен жиналған спортсүйер қауымды өткен мереке, Елордамыз – Астана күнімен құттықтады. «Айшықты астанамыз тәуелсіздігіміздің символы, Қазақстанның зор мүмкіндігі мен жетістігінің айқын көрінісі. Елордамыз бейбітшілік пен қоғамдағы келісімнің тірегі болып отырған күллі қазақстандықтарды біріктіреді. Олай болса, баршаңызды жалпыхалықтық мерекемен құттықтай отырып, әрбір шаңыраққа зор денсаулық, береке-бірлік пен мол ырыс тілеймін! Елордамызбен бірге еліміздің беделі артып, мәртебесі өсе берсін! Ал бүгінгі шаөмат пен тоғызқұмалақтан өткізіліп жатқан біріншілікке қатысып отырған спортшыларға тілерім, тек сәттілік, –деді Қаратау ауданының әкімі Алмас Емелтайұлы.

Мүмкіндігі шектеулі азаматтар арасындағы жарыс қызықты да, тартысты өтті. Бұл жарысқа тоғызқұмалақ ойыны бойынша 22 жылдан бері қатысып келе жатқан Ақжүніс Тайтелиеваның ұйымдастырушыларға деген алғысы шексіз. «Осы спортпен айналысып келе жатқаныма ширек ғасырға жуықтады. Ал тоғызқұмалақтан спорт шебері атағын алғаныма биыл 19 жыл толып отыр. Ең бастысы Шымкент қаласының билігі бірінші кезекте біз сияқты мүмкіндігі шектеулі азаматтарға көңіл бөліп, жарыс пен концерт ұйымдастарып бергені үшін алғыс білдіремін. Мұндай жиындар мен басқосулар бізге үлкен ерік-жігер сыйлайды, Еліміздің тұтқасын ұстаған азаматтар, халқын ойлаған тұлғалар мен біз сияқты жандардың рухын көтеріп, қолдау білдірген азаматтар көп болсын, еңбектері жана берсін, – дейді ол.

Ойын қорытындысында жарыс жеңімпаздары мен барлық қатысушылар аудан әкімі атынан арнайы алғыс хат, кубок, медальдар және спорттық сыйлықтармен марапатталды.

Шымкент қаласында 25 өрт сөндірушіге пәтер кілті тапсырылды
​Шымкент қаласының көзайымына айналған арнаға бір жыл
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу