Шымкент қаласының көзайымына айналған арнаға бір жыл
Шымкент қаласы тұрғындарының көңілінен шығып қана қоймай, шаһар тұрғындарының көзайымына айналған жаңа теле арна «Уақыт ТВ» өзінің бір жасын атап өтті.
Оның құрылтайшысы шаһарға белгілі журналист, әрі қалалық мәслихаттың депутаты Талғат Балтабаев.
Оның айтуынша, жұмыс істеп жатқанына бір жыл толған телеарна өзінің іскерлік бастамасы мен тың зерттеу және еселі еңбектің арқасында көрермен қауымның көңілінен шыға білген. Қарап отырсақ, өзінің құрылғаннан бастап жұмыс істеп келе жатқан жаңа телеарнаның таратқан ақпараттарын инстаграм желісінде 57 мыңға жуық, тик-токта 120 мыңнан астам оқырман тұрақты бақылап, тамашалап отырыпты. Сонымен қатар, «Otau TV» жерсеріктік телерадиохабар тарату желісі арқылы бүкіл Қазақстанға сапалы контент ұсынып отыр. Осылайша жаңа телеканал Шымкент қаласында жастар арасындағы рухани құндылықтар мен патриоттық тәрбиеге негізделген бағдарламаларды да кеңінен таратып келеді.
– Бағдарлама тарату, жалпы көрермен көрген шығу теле журналистер үшін оңай шару емес. Ол үлкен дайындық пен шеберлікті, еңбекті талап етеді. Мәселен, бір ғана сюжеттің артында бірнеше маманның қызу еңбегі жатыр. Оның арғы жағында студия дайындау, бағдарламалар кестесін жасау, ұжым жасақтау мен оларды үйрету, 18 сағаттық эфирден сапалы контент беру, тіпті, кеңсе табуға дейінгі қиын да күрделі шаруалар тізіліп шыға береді. Республикаға хабар тарататындықтан, бұл шаруаның әрбірі жоғары әрі кәсіби деңгейде болуы тиіс. Биыл біз 10 сәуірінен бері «Otau TV» жерсеріктік телерадиохабар тарату желісі мен TVCOM желісі арқылы республикаға хабар таратып отырған арнада патша көңілді көрерменнің ыстық ықыласына ие болған бағдарламалар жетерлік. Мәселен, «Әкім уақытында» аймақ басшылары студияға арнайы келіп, жаңалығымен бөліседі. Тұрғындар тарапынан қойылған сауалдарға жауап береді. «Ашық алаңда» түйіні тарқамаған түйткілдер сөз болады. «Базар Like» нарықтағы тауар мен азық-түліктің бағасына бақылау жасаса, «Қамба» арқылы көрермен ауыл тіршілігімен, ризығын жер анадан тапқан диқандардың өмірімен жақыннан танысады. «Кешкі шай» танымал азаматтардың сырлы сұхбатымен өрілсе, «Мықты әйел» бағдарламасы сан түрлі салада еңбек етіп жүрген нәзік жандыларды дәріптейді, – дейді Талғат Балтабаев.
Сонымен қатар арна басшылығы трендті түрлендіріп, тележобаға айналдыруды да ұмытпаған. «Шымкенттік мафия» жобасы – соның айқын айғағы. Бұдан бөлек, спорттық жобалар мен балаларға арналған контентті де эфирден тамашалауға болады.