Мамандықтың жаманы жоқ
Шымкент қаласында қазіргі уақытта 300-ден астам педагог-кәсіптік бағдар беруші 7-сыныптан бастап оқушыларға болашақ мамандықты таңдауға көмектесуде.
Сонымен қатар, 40 (мемлекеттік – 12, жекеменшік-28) колледжде кәсіби бағдар берумен арнайы қызметкерлер айналысады. Оқушылар арасында кәсіптік бағдарлау бойынша диагностикалау жұмыстары қолға алынған. Қалалық білім басқармасы Жастар ресурстық орталығымен бірлесе сапалы және тиімді кәсіптік бағдарлау шеңберінде жылдық жоспарлар түзіп, бірқатар іс-шаралар атқаруда. Мектеп оқушылары үшін кәсіпорындарға экскурсиялар, ашық есік күндері, жәрмеңкелер, еңбек ардагерлерімен тұрақты кездесулер ұйымдастырылып жатыр. 2025 жылы да осы бағытта тиімді және нақты жұмыстар жүргізілуде. Ерте кәсіби бағдарлау жұмыстарының нәтижесінде қала оқушыларының IT саласына қызығушылығы артқаны анықталып отыр.
Жуырда Шымкент қаласында оқушыларға болашақ мамандығын дұрыс таңдау, жазғы демалысын дұрыс ұйымдастыруға қатысты өзекті мәселелер республикалық форумда талқыға түскен болатын. Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің кеңесшісі Руслан Емелбаев, ЖОО ректорлары өзекті мәселені талқыға салған еді. Қала әкімінің орынбасары мамандықты дұрыс таңдау өмірімізге береке әкелетінін және жастарға кәсібін терең меңгеру қажет екенін түсіндіріп берді. Қазіргі таңда шаһарда мектептерде кәсіби бағдар беруші педагогтер жұмыс істеуде. Олардың саны жыл сайын артып келеді.
– Қазақ «Жар таңдауда және жол таңдауда жалтаңдауға болмайды» дейді. Қазіргі сіздердің таңдайтын мамандықтарыңыз болашақта сіздердің өмірлеріңіздің, тағдырларыңыздың қалай қалыптасатынына әсер ететіндігін санамызда мықтап ұстауымыз керек. Осы мәселені жете түсінген Мемлекет басшысы биылғы жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялады. Осы жылы педагог-кәсіби бағдар беруші мамандығы енгізіліп, олар оқушыларға бағыт-бағдар беру үшін әр мектепте жұмыс істейді. Жалпы, мықты маман болудың, өз кәсібін меңгерудің маңызы өте зор. Мейлі етікші, мейлі аспаз, заңгер болайық, мал бағайық, өз кәсібімізді жетік меңгерсек, мамандықты дұрыс таңдаған болсақ, сол мамандығымызды сүйіспеншілікпен істейтін болсақ, біздің қызметіміз қашанда жоғары сұранысқа ие болады. Өзімізге табыс әкеледі. Тағдырымызды дұрыс қалыптастыруға септігін тигізеді, – деді қала әкімінің орынбасары.
Еліміздегі мектеп бітірушілердің статистикалық мәліметіне қарап отырсақ, ҰБТ- тапсырушылар саны өсіп келеді. Мәселен, былтыр 181 мың талапкер ҰБТ-ға тіркелсе, биыл бұл көрсеткіш 216 мыңды көрсетіп отыр. 30 мыңнан астам талапкер саны артқан. Сол себепті де қазіргі жағдайда оқушыларға бағыт-бағдар беріп, болашақ мамандықты таңдауға көмектесу уақыт күттірмейді.