Шымкентте Мәдениет және өнер университетін ашылуы рухани дамудың басы болмақ
Шымкент қаласындағы 60 жылға жуық тарихы бар Әл-Фараби атындағы Шымкент педагогика және мәдениет институтының ұлт өнеріне қосқан үлесі аз емес.
Бүгінде бұл институт қабырғасынан түлеп ұшқан түлектер арасында елге белгілі өнер қайраткерлері аз емес. Олардың қатарында халық әртістері Мақпал Жүнісова мен Нағима Есқалиева да бар.
Институт тарихқына үңілер болсақ, Әл-Фараби атындағы Шымкент педагогика және мәдениет институты 1967 жылы құрылған. Бұл мәдениет мекемелері үшін білікті кадрлар мен мектептерге музыка пәні мұғалімдерін даярлаумен айналысатын оқу орны болатын. Бұл елде теңдесі жоқ бірегей жоғары оқу орны еді. Оған 1975 жылы Шығыстың ұлы ойшылы – Әбу Насыр Әл-Фарабидің есімі берілді. Онда 700-ге жуық студент оқыды. Ал 1990 жылдары жүзеге асырылған құрылымдық реформалар аясында институт М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің құрамына қосылды. Сол уақыттан бері қарай университеттің құрамында мәдениет факультеті ретінде жұмыс істеп келеді. Дегенмен, бұл жағдай студенттер санының бірнеше есе азаюына әкеп соқты.
Бүгінгі таңда Қазақстанда жеке дара жұмыс істеп тұрған Мәдениет институты жоқ. Бұл Шымкенттегі Мәдениет институтын қалпына келтіру мәселесін ерекше өзекті етіп отыр.
Бүгінде мәдениет саласындағы білікті мамандарға деген сұраныс артты. Соңғы жылдары Шымкент қаласы мен еліміздің Оңтүстік өңірлерінде жаңа мәдениет үйлері, оқушылар сарайлары, демалыс және шығармашылық орталықтары көптеп ашылып, мәдениет саласындағы инфрақұрылым жедел дамып келеді. Осыған байланысты білікті мамандарға, атап айтқанда, режиссерлерге, музыканттарға, хореографтарға, оқытушыларға, мәдени жоба менеджерлеріне деген сұраныс күрт өсті. Бүгінгі таңда Оңтүстік Қазақстан университеті мәдениет факультетінің түлектері осы салаларда сұранысқа ие болып отыр.
Есте болса, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Шымкент қаласына жұмыс сапарымен келген кезде Мәдениет және өнер университетін ашуды тапсырған болатын. Бүгінгі күні ел Президентінің тапсырмасын орындау бойынша Шымкент қаласында тиісті жұмыс жүргізіліп жатыр. Шымкенттің өнер қайраткерлері, «Мәдениет институтын дербес ЖОО ретінде қайта құру – бұл тарихи әділеттілікті қалпына келтіру ғана емес, сонымен қатар Шымкент пен бүкіл оңтүстік өңірдің мәдени өміріне қуатты серпін беретін қадамға айналады» деп сенеді.