Шымкентте ұлттық сусынға деген сұраныс артты

Oinet.kz 23-07-2025 41

Шымкент қаласында ұлттық сусындар мен ұлттық тамақ өндірісіне ден қойған кәсіпкерлер қатары жылсанап артып отыр. Әсіресе қалада қымыз өндірісімен қатар шұбат өндірісі жақсы дамуда. 

1000394911.jpg

Шаһар әкімдігінің мәліметі бойынша, өткен жылы ауыл шаруашылығы саласына Шымкент қаласының бюджетінен жалпы 6 миллиард 851 миллион 677 мың теңге бөлініп, оның 6 миллиард 851 миллион 347 мың теңгесі  игерілген. Ресми деректер бойынша бұл қаржыға шаруалар мен диқандарға нақты қолдау көрсету бойынша жұмыс атқарылған.

 Сонымен Шымкент қаласында түйе сүтін өңдеу өндірісін жолға қойған жанның бірі жеке кәсіпкер – Айжан Райымбекова. Шымкенттің «Қайтпас» шағын ауданында тұратын ол көпбалалы ана. Жолдасы Бекжан екеуінің Бөген суқоймасындағы «Аqtorе» ЖК түйе қожалығы бар. Сол жақтан сауылған түйе сүтін әкеліп, үй жағдайында шұбат, қымыран жасайды. Таңалакеуім сағат 6.00-де тыпыршып тұрғаннан кеш қарайғанға дейін тынбайды.

Айжан осыдан бес жыл бұрын қайын атасы мен күйеуінің қолдауымен түйе шаруашылығымен айналысуды қолға алыпты. «Бүкіл фермерлер түйе сүтін Түркістан облысындағы «Golden Camel milk» зауытына өткізетінбіз. 2022 жылы зауыт жұмысын тоқтатқан соң, барлығымыз сүтімізді қайда жіберерімізді білмей абдырап қалдық. Отағасы: «Сүт өткізетін жер жоқ, малшыларымызға айлық төлеуіміз керек, өзің сат!» - деді. Ал, мен өмірімде шұбат, қымыран ішіп көрмегенмін. Бухгалтерлік курс оқып, жеке маркетингтік компанияда менеджер болып істейтінмін. Отбасылық кәсібіміз құрдымға кетпес үшін тәуекелге бел буып, шұбат өндірісіне бет бұрдым. «Aqtore camel milk» брендімен үй жағдайында кішігірім цех аштық. Шұбат пен қымыранның не екенін тереңнен зерттей бастадым», - дейді Айжан Райымбекова.

Айжан Темірханқызы бірнеше жыл қатарынан «Атамекен» палатасының «Бір ауыл – бір өнім» бағдарламасына бірнеше рет қатысып, жеңімпаз атанған. 2024 жылдың аяғында мемлекет тарапынан берілетін қайтарымсыз грантты жеңіп алды. «Кәсіп бастау оңай шаруа емес. Дегенмен қорықпай осы кәсіпке бардық. Қазір көп той-домалақ арақ-шарапсыз өткізілуде. Тойда дастарқанға ұлттық сусындарымызды көп қоятын болған. Ас-жиындар да онсыз өтпейді. Бұл бір жағы ұлттық тағам түрлері, қымыз бен шұбатқа деген сұранысты арттырды. Бұл ұлтымыздағы мәдени дәстүрді жаңартуға үлкен сеп болатын үрдіс қалыптасып келе жатқаны қуантады. Алдағы уақытта кәсібімнің одан әрі жақсы дамуы үшін керекті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ете отырып, өнімімді тек Шымкент қаласы бойынша ғана емес, бүкіл қазақ еліне тасымалдауды көздеп отырмын», - дейді ол.

Жас кәсіпкер мемлекет берген 5 миллион теңгеге автоматтандырылған 3 құрылғыға осы  мегаполистегі цех құрал-жабдықтарын жасаумен айналысатын «Бердібеков» ЖК-нен қол жеткізіпті.

Бұл құрылғы алғанға дейін жазғы маусымда күніне 50-60 литр сүт сатып келсе, енді оны 100 литрге жеткізіп отыр.

Шымкенттік жас сарбаздар ұлт патриоттары
Ұлттың жаңа болмысы білім, ғылым және мәдениет саласын дамыту арқылы қалыптасады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу