Ұлттың жаңа болмысы білім, ғылым және мәдениет саласын дамыту арқылы қалыптасады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық құрылтайда ұлттық бірегейлігімізді нығайтып, еліміздің жаңа құндылықтарын орнықтыруда үкімет пен қоғам күш біріктіріп жұмыс істесін деп тапсырма берген болатын.
Дәлірек айтсақ, Президентіміз «Адал азаматқа тән қасиеттер әрбір жастың бойынан табылуға тиіс» деді. «Ұлттың жаңа болмысы білім, ғылым және мәдениет саласын дамыту арқылы қалыптасады. Осы бағытта бізге орасан зор жауапкершілік пен міндет жүктеліп отыр. «Тәрбие тал бесіктен басталатынын» ескере отырып, өскелең жас ұрпақтың бойына адалдық қағидаттарын сіңіреміз десек, ең алдымен оған өзіміз өнеге көрсетер тұлға болуымыз керек» дейді Мемлекет басшысы.
Мемлекеттің жоғары білімді дамытуға бағытталған сындары саясатын Шымкент қаласындағы М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінен де байқауға болады. Биыл аталған университетті 3571 түлек тәмамдап, үлкен өмірге жолдама алды. Оның ішінде білім биігін бағындырған 159 түлек үздік атанды. Бітіруші түлектерге арналған «Үздік түлек – 2025» мерекелік іс-шарасы үлкен деңгейде өтіп, салтанатты диплом табыстау рәсіміне университет басшылығы, профессор-оқытушылар құрамы, Шымкент қаласы мәслихатының депутаттары, «AMANAT» партиясының өкілдері, оқу ордасының елімізге танымал түлектері және қуанышты сәтті бөлісуге ата-аналар жиналды. Университеттің басқарма төрағасы–ректоры Дархан Ахмед-Заки барша түлектерге ыстық лебізін білдірді.
- Бүгін университетімізде тарихи сәт. Оңтүстік өңірдегі ғылым мен білімнің іргелі қара шаңырағы Әуезов университетінде білім алып, түлектеріміз өз ұясынан ұшқалы отыр. Баршаңызға белгілі, қазіргі жаһандану процесіне икемді мамандар даярлау өте өзекті болып отыр. Оқу ордасы осы мәселеге басымдық беріп келеді. Әлемдік жетекші жоғары оқу орындарымен іс-тәжірибе алмасу арқылы ғылыми процесті жетілдіру – біздің басты бағытымыз. 80 жылдан астам уақыт ішінде оқу ордамыз 240 мыңнан астам түлекке үлкен өмірге жолдама берді. Олар бүгінгі таңда әлемнің көптеген елдерінде абыроймен қызмет атқарып, қоғамның әр саласында зор табыстарға жетуде. Бұл – біздің университетіміздің әлемдік бәсекелістікке қабілеттігін көрсетеді. Ұлттың жаңа болмысы білім, ғылым және мәдениет саласын дамыту арқылы қалыптасады дей келе сіздерді еліміздің игілігі мен егемендігіне тұғырлы Тәуелсіздігіне қалтқысыз қызмет етеді деген сенімдемін!, – деген Дархан Жұмақанұлы түлектерге ақ жол тіледі.
Университет түлектеріне – «САУТС-ОЙЛ» компаниясының президенті Серікжан Сейітжанов, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты, «М.Әуезов университеті түлектерінің қауымдастығы» ҚБ төрағасы Мұқаш Искандиров түлектерге диплом табыстай отырып, өздері білім алған оқу ордасы жайлы естеліктерін бөлісті, білімді жастар қашанда биіктен көрінетінін жеткізе отырып, білім алуда ізденісті тоқтатпауға шақырды.