Инфрақұрылымға қатысты мәселелер оңынан шешілді
Шымкент қаласы әкімдігінің ішкі саясат басқармасы сайтында жазылған ақпаратқа сүйенсек, бүгінгі күні Қайнарбұлақ саяжай алабындағы 2300 тұрғын үй көгілдір отынға қосылып отыр.
Бұл мәселе бұған дейін саяжай тұрғындары тарапынан бірнеше рет көтерілген болатын. Ондағы тұрғындармен қала әкімі Ғабит Сыздықбековте арнайы кездесу өткізген. Кездесу барысында Қайнарбұлақ саяжай алабының тұрғындары табиғи газға қосылу мәселесін айтқан еді.
Саяжайдағы көп үйдің әлі күнге дейін көгілдір отынға қосылмағанын білген шаһар басшысы тұрғындардың өтінішін ескерусіз қалдырмай, жауапты басқарма мен Абай ауданы әкімдігіне мәселені егжей-тегжейлі зерделеуді және тиісті шаралар қабылдауды тапсырған болатын. Қала әкімінің тапсырмасынан кейін Қайнарбұлақ саяжай алабында магистралды газ құбыры желісі жүргізіліп, бүгінгі күні 2300-ден астам тұрғын үй табиғи газ жүйесіне қосылған. Қалған азаматтар үшін де ішкі газ жүйесіне қосылуға мүмкіндіктер қарастырылуда.
Абай ауданы әкімдігінің берген мәліметіне сүйенсек, осындағы саяжайдағы тұрғын үйлердің кейбірі қызыл сызық аумағында орналасуына байланысты техникалық құжаттарын рәсімдей алмай отыр екен. Бұл мәселені шешу мақсатында Абай ауданы әкімінің аппараты тарапынан нақты қолдау көрсетілуде. Атап айтқанда, табиғи газға қосылу рәсімін жеңілдету үшін тұрғындарға арнайы 7-нысанды анықтама берілуі қамтамасыз етілуде. Аталған құжат табиғи газға қосылуға заңды негіз болып табылады. Осылайша, мұнда қала әкімінің тапсырмасына сәйкес Қайнарбұлақ тұрғындарының газбен қамтылуын қамтамасыз ету мақсатында қажетті жұмыстар атқарылып, тұрғындарға барынша қолайлы және заңды тетіктер ұсынылып отыр.
Сонымен бірге Тұран ауданы тұрғындары қала әкіміне шығып көтерген бірқатар өзекті мәселе де шешімін тауып отыр. Тұрғындар өтініштері мен ұсыныстары негізінде Тұран ауданына қарасты Орманов көшесінің бойында жалпы ұзындығы 20 метрді құрайтын жаңа аяқжол салынды. Бұл ең алдымен тұрғындардың қауіпсіз және ыңғайлы жүріп-тұруын қамтамасыз етуге бағытталған. Бұдан бөлек, А.Байтұрсынов көшесіндегі №94 көпқабатты тұрғын үй ауласына сыртқы жарық орнатылып, тұрғындардың қауіпсіздігі арттырылды. Ал Көктас көшесіне ирригациялық жүйе орнатылса, Отырар көшесіндегі спорт алаңшасына резеңке жабынды (тартан) төселді.
Қала әкімінің айтуынша, тұрғындардың өтініші мен ұсынысы аясында аталған жұмыстар шаһар халқының өмір сүру сапасын арттыруға, қолайлы орта қалыптастыруға және қалалық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған.