Шымкент қаласында МӘМС-ке тіркелгендер саны халықтың 81,3 пайызын құрады
Шымкент қалалық өңірлік коммуникациялар қызметі алаңының баспасөзі хабарлағандай, брифингте «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» Шымкент филиалы директорының орынбасары Арапкүл Ізбасарова қала тұрғындарының міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қамтылуы 81,3 пайызды құрап, 1 миллионнан аса адамның сақтандырылғанын айтты.
Бүгінгі күні Шымкент қаласындағы халқық саны – 1271228 адамды құрайды. Оның 1033736-сы, яғни 81,3 пайызы сақтандырылған, ал 237492 адам (18,7%) әлі де сақтандырылмағандар қатарында қалып отыр екен. Бұл – маңызды мәселе. Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында осал әлеуметтік топтар үшін медициналық сақтандыру жарнасын жергілікті бюджет есебінен төлеу қажеттігін атап өтті. Соған сәйкес, қала әкімдігі мен емханалар сақтандырылмаған тұрғындармен тығыз жұмыс жүргізуде.
– Бүгінгі таңда 700 мыңнан астам адам жеңілдік санатында, олардың жарнасын мемлекет төлеуде. Алайда 237492 азаматтың сақтандыру мәртебесі жоқ. Оның ішінде 56 мыңнан астам азамат әлеуметтік осал топты азаматтар санатында. міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) туралы заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, келесі жылдан бастап жергілікті атқарушы органдар әлеуметтік әл-ауқат деңгейі бойынша дағдарыстық және шұғыл жағдайдағы (D және E деңгейі) санаттарына жататын азаматтар үшін медициналық сақтандыру жарналарын төлейтін болады. Тағы бір жақсы жаңалық – бұған дейін жарна төлемей қалған жағдайда адамның сақтандыру мәртебесі 3 ай ғана сақталатын еді, енді 5 жыл бойы тұрақты жарна төлеген адам болса, жұмысынан айырылған жағдайда бұл мәртебе 6 айға дейін сақталады. Яғни, азаматтар уақытша табысынан айырылып қалса да, медициналық көмексіз қалмайды. Бірақ кейін сол уақыттағы қарызын өтеуі керек болады, – дейді Арапкүл Ізбасарова.
Мамандардың айтуынша, Мемлекет басшысының 2024 жылғы 2 қыркүйектегі Жолдауында айтылған тапсырмаға сәйкес, бірыңғай мемлекеттік медициналық көмектің пакеті қалыптастырылады. Бұл пакет келесідей мақсаттарды көздейді: медициналық қызметтер тізбесінің ашықтығы мен түсініктілігі, қызметтердің қайталануын болдырмау, онкологиялық және әлеуметтік мәні бар ауруларды ерте кезеңде анықтау, пациенттерге тиімді әрі сапалы көмек көрсету. Енді онкоскринингтер сақтандыру мәртебесіне қарамастан барлық азаматтарға қолжетімді болады. Сонымен қатар, туберкулез, АИТВ инфекциясы сынды дерттерге диагностика тегін жүргізіледі. Медициналық көмек түрлері нақты анықталып, жедел жәрдем, вакцинация, паллиативтік көмек, әлеуметтік аурулар кезінде алғашқы тексеру, шұғыл жағдайлар – бәрі базалық пакетке енеді. Жаңа жүйе ресурстарды оңтайлы қайта бөлуді және қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етеді.