Шымкентте МӘМС бойынша көмек алғандардың саны артқан
Шымкент қалалық өңірлік коммуникациялар қызметі алаңының баспасөзі хабарлағандай, қалалық ақпараттық-коммуникациялық орталығында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған брифингте «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» Шымкент қалалық филиалы директорының орынбасары Арапкүл Ізбасарова әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры (ӘМСҚ) арқылы жалпы биыл қалада қымбат бағалы әрі күрделі 1500-ға жуық операцияны қаржыландыру жоспарланғанын айтты.
– Жыл басынан бері Шымкент қаласындағы медициналық мекемелерде 137 мыңнан астам науқас стационарлық ем алды. Осы ем алған қала тұрғындарының 120 мыңына емдік шаралар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру есебінен жүргізілген. Осылайша 120 мыңнан астам адам тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында емделіп отыр. Ал күндізгі стационарда ем алғандар 18 мыңға жуықтаған. Жалпы шаһарда жыл басынан бері міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында 500-ге жуық адамға жоғары технологиялы медициналық қызмет көрсетілген болса, оған бөлінген қаражат 1,8 миллиард теңгені құрады. Ал кардиохирургия мен нейрохирургияға жүгінген адамдардың оталарының құны бірнеше миллион теңгеден бастап 70 миллион теңгені құрайды. Шымкент қаласының тұрғындары МӘМС-ке қаржы аудару арқылы тегін ем алуға, ота жасатуға мүмкіндіктері бар. Ол мүмкіндікті пайдаланғандар бүгінде сырқатына шипа тауып, бұл жүйенің тиімділігін айтуда, – дейді Арапкүл Ізбасарова.
Сондай-ақ, тағы бір атап өтерлігі, жыл басынан бері медициналық ұйымдарда шымкенттіктерге міндетті әлеуметтік медициналық сақтанндыру есебінен 3,5 миллионнан астам консультациялық-диагностикалық қызмет көрсетіліпті. Ал қаржыландырудың қомақты бөлігі мамандандырылған стационарлық көмек көрсету және жоғары технологиялық операцияларға жұмсалған.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру» туралы заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, алдағы жылдан бастап онкологиялық скринингтер ТМККК тізіміне өтеді және МӘМС жүйесінде сақтандырылған мәртебесіне қарамастан барлық азаматтар үшін тегін болады. Бұған қоса, бұрын тек туберкулез бен АИТВ-ға ғана тегін тексеру жасалса, енді оған қоса созылмалы вирусты гепатиттер мен бауыр циррозы, қатерлі ісіктер, психикалық және мінез-құлықтық бұзылыстар, орфандық аурулар, жедел миокард инфаркті, инсульт ауруларына күдік туындаған жағдайда консультативтік-диагностикалық көмек те тегін көрсетілетін болады. Ал, 2026 жылдан бастап МӘМС-тің базалық пакетіне амбулаторлық диализ, сондай-ақ динамикалық бақылауды қажет ететін созылмалы аурулардың 12 тобы бойынша консультативтік-диагностикалық көмек, амбулаториялық дәрілік қамтамасыз ету, жоспарлы түрде стационарлық және стационарды алмастыратын көмек кіреді, – дейді Арапкүл Ізбасарова.