Бозарық пен Азат шағын аудандарында жаңа спорт кешенін салу жоспарлануда
Шымкент қаласы әкімдігінің ішкі саясат басқармасы сайтында Бозарық шағынауданыны тұрғындарының сұрауы бойынша жаңа заманауи спорт кешенінің жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, жоба мақұлданған соң құрылыс жұмыстары 2026–2027 жылдары жүргізу жоспарланғаны хабарланды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес елімізде бұқаралық спортты дамытуға барынша көңіл бөлінуде. Тапсырма аясында Шымкент қаласында да спорттық нысандар көптеп салынуда. Сонымен бірге қалада бұқаралық және ұлттық спортты дамытуға да ерекше басымдық беріліп отыр. Жақында қала әкімі Ғабит Сыздықбеков шаһарға қарасты бірқатар аудан тұрғындармен өткізген көшпелі кездесу барысында қала аумағында бұқаралық спортты және ұлттық спортты дамыту және заманауи спорт инфрақұрылымын қалыптастыру бойынша сөз қозғаған болатын.
Тұрғындардың да күткені осы болса керек, Бозарық шағын ауданының тұрғындары осы спорттық нысандарға қатысты өз көкейлерінде жүрген мәселелерді көтеріп, әкімге өтініш айтты. Шағын аудан тұрғыны Нұрлан Өткелбаев ауданда заманауи спорт кешенінің жоқ екенін сөз етсе, Азат шағын ауданының тұрғыны Мақсат Тоғызбаев та өз ауданында заманауи спорт кешенін салу қажеттігін жеткізді. Сонымен қатар, Әл-Фараби ауданының тұрғыны Қарлығаш Рахиева Орталық саябақта ардагерлер арасында ұлттық спорт және бұқаралық спорт түрлері бойынша спорттық іс-шаралар жиі өткізіліп тұрса деген өтініш айтты.
– Өздеріңіз жақсы білесіздер, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында бұқаралық спортты дамытудың маңыздығы жоғары екенін атап өтті. Біз де қала тұрғындары арасында бұқаралық спортпен қатар ұлттық спортты дамытуға тиісті деңгейде көңіл бөліп келеміз. Сіздердің тараптан ұсынылған ұсыныстар қашанда біздің назарымызда. Көз алдарыңызда тиісті тапсырмаларды Шымкент қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасына, сондай-ақ аудан әкімдіктеріне жүктедім. Бүгінгі күні Бозарық шағынауданында заманауи спорт кешенінің жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде. Жоба мақұлданған соң құрылыс жұмыстары 2026–2027 жылдарға жоспарланған. Ал Азат шағынауданында спорт кешенін салуға арналған жер телімін анықтау жұмыстары жүргізілуде. Бұл нақтылау жұмыстары оң шешімін тапса, қос ауданда жаңа спорт кешендері кешіктірмей салынатын болады, – деді қала басшысы.
Ал спорттық іс-шаралар өткізу бойынша қала әкімі бұқаралық спортты кеңінен насихаттау және тұрғындарды салауатты өмір салтына баулу мақсатында 1 қазан – Халықаралық қарттар күніне орай Орталық саябақта шахматтан қалалық турнир өткізу жоспарланып отырғанын айтты.