«Қазақстанның үздік тауары – 2025» байқауының өңірлік кезеңі өтті
Шымкент қаласы әкімдігінің ішкі саясат басқармасы сайтында, Шымкент қаласында «Қазақстанның үздік тауары – 2025» байқауының өңірлік кезеңі аяқталып, жеңімпаздары марапатталып, республикалық кезеңге жолдама алғаны хабарланған.
Шымкент қаласы әкімдігі өкілдерінің айтуынша, бұл іс-шара отандық өндірісті дамытуға, өнім сапасын арттыруға және қазақстандық өндірушілердің нарықтағы позициясын нығайтуға бағытталған. Онда үздік азық-түлік тауарлары – тамақ өнімдері, сусындар, ауыл шаруашылығы өнімдері, халыққа арналған үздік тауарлар – киім-кешек, аяқ киім, тұрмыстық техника, өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар – жабдықтар, құрылыс материалдары, шикізат және құрамдас бөліктер көрмеге шығарылған. Мұнда атап өтерлігі қазақтың ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптарына байланысты жасалған заттар да баршылық.
Шымкент қаласында «Қазақстанның үздік тауары – 2025» өңірлік байқау-көрмесі аясында ұйымдастырылған «Бір ауыл – бір өнім» жобасының көрмесіне қала әкімі Ғабит Сыздықбековте арнайы қатысып, көрмемен танысты. Көрмені аралау барысында азық-түлік, фармацевтика, машина жасау, химия, жеңіл өнеркәсіп пен құрылыс индустриясындағы 100-ден астам компания мен тауар өндірушілердің өнімдерімен танысты. Олардың қатарында нарықта өзіндік салмағы бар «Сайрам-нан», «Фиркан», «Бал текстиль», «Экофарм», «Карлскрона» және басқа да ірі компаниялармен қатар жаңа кәсіпкерлік нысандар да бар. Сондай-ақ бұл көрмеге ұлттық үлгіде жасалған сәндік бұйымдар мен қолөнер заттары қойылған.
Сондай-ақ «Бір ауыл – бір өнім» көрмесіне «Ауыл аманаты» жобасына қатысушылардың өнімдері де шығарылған. Көрмге қатысушылар кәсіпкерлер ұсынылған өнімдермен танысып, оларды сатып алу мүмкіндігіне ие болды. Сонымен қатар, көрмеге қатысушылар әлеуетті бизнес әріптестері мен жеткізушілерімен жаңа іскерлік байланыстар орнатуға қосымша мүмкіндік алды. «Біздің қала өндірістік кәсіпорындарымен, ауыл шаруашылығы өнімдерімен, табиғатының көркемдігімен және қолөнершілерімен танымал. Жыл сайын бұл көрмеде өңірімізде өндірілетін өнімдердің түрі көбейіп келеді. Бүгінгі таңда өнімдеріміз сапалы, біз өндіріс жүргізуді үйрендік және шетелдік тауарлармен бәсекелесе аламыз. Сонымен қатар, байқау-көрмеге «Бір ауыл – бір өнім» жобасы мен «Ауыл аманаты» жобасы бойынша жұмыс істеп жатқан кәсіпкерлер де қатысуда. Шымкенттіктер республикалық байқауда да өздерін жаңа қырынан танытады деген сенімдемін», дейді «Сайрам-нан» компаниясының өкілдері.
Іс-шара аясында «Қазақстанның үздік тауары – 2025» өңірлік байқауының жеңімпаздары арнайы марапатталды. Жеңімпаздар Астана қаласында өтетін «Қазақстанның үздік тауары-2025» республикалық байқауына қатысады. Онда «Бір ауыл – бір өнім» жобасы аясында үздік деп танылған кәсіпкерлерге 5 миллион теңге көлеміндегі мемлекеттік грант қаржысын иеленуге мүмкіндік беріледі.