Шымкент қаласында үкіметтік емес ұйым өкілдері бас қосып, келелі жиын өткізді
Шымкент қаласы әкімдігінің ішкі саясат басқармасы сайтында хабарланғандай, қалалық ішкі саясат және жастар істері басқармасының қолдауымен Шымкенттегі Qyzgaldaq сарайында «Шымкент қаласының тұрақты дамуы: азаматтық қоғам институттарының рөлі» тақырыбында өңірлік деңгейдегі ауқымды кездесу өтті.
Іс-шара Қазақстанның XII Азаматтық форумына дайындық аясында ұйымдастырылды.
Шымкент қаласының Ішкі саясат және жастар істері басқармасы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында жүзеге асырылған жиынның негізгі мақсаты – азаматтық қоғам мен мемлекеттік сектор арасындағы серіктестікті дамыту, өзара байланысты нығайту және қоғамдық бастамаларды қолдау.
Жастар ресурстық орталығының басшысы міндетін уақытша атқарушы Аружан Русланқызының айтуынша, бұл жиынға үкіметтік емес ұйымдардың белсенді мүшелерімен қатар, мемлекеттік органдардың өкілдері, халықаралық ұйымдар, кәсіпкерлік құрылымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері қатысқан.
– Бүгінгі күні үкіметтік емес ұйымдардың атқарып отырған жұмысы аз емес. Өңірдегі тұрақтылық пен ынтымақты сақтауда қоғамдық ұйымдардың рөлі зор. Өңірде екі жылда бір өтетін өңірлік кездесу азаматтық сектордың бүгінгі ахуалын ғана емес, болашақтағы даму бағдарын айқындауға негіз болды. Әсіресе, азаматтық қоғамды дамыту тұжырымдамасының өңірлік деңгейде қалай жүзеге асып жатқанына баса назар аударылды. Жиында азаматтық қоғам өкілдері қаланың тұрақты дамуына азаматтық сектордың ықпалын, үкіметтік емес ұйымдардың қызметінің тиімділігін және азаматтардың қоғамдық өмірге белсене араласу жолдарын ортаға салды, - дейді Аружан Русланқызы.
Жалпы үкіметтік емес ұйымдар арасында өткен форум аясында ашық пікірталастар, табысты жобалар таныстырылымы және «Үкіметтік емес ұйым өмірі – бір сәт бейнеде» атты фотокөрме көпшіліктің назарына ұсынылды. Сонымен биылғы өткен форум бағдарламасының мазмұн мен ұйымдастыру тұрғысынан кеңейіп, бірнеше панельдік отырысты қамтыды. Онда әлеуметтік әріптестік, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың ашықтығы, жастар ресурстық орталықтарының әлеуеті, цифрландыру үдерісі мен қоғамдық бақылау механизмдері талқыланды.
Шара қорытындысы Шымкенттің инклюзивті әрі тұрақты дамуына серпін береді деп күтілуде. Ал ұйымдастырушылар қатысушы тараптарға алғыс айтып, азаматтық белсенділік пен қоғамға қызмет етудің ортақ мүдде жолындағы маңызын атап өтті.