Шымкент қаласында қала тұрғындары көтерген мәселелер оң шешімін табуда

Oinet.kz 23-07-2025 59

Шымкент қаласы әкімдігінің ішкі саясат басқармасы сайтында жариланғандай, Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтың халықпен кездесулерінде көтерілген мәселелер рет-ретімен оң шешімін табуда. 

1000394938.jpg

Мәселен, Абай ауданының Тарбағатай көшесінде жол жөндеу жұмыстары басталып кетті. Бұл да қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің тұрғындармен өткізген көшпелі кездесуінде айтылған ұсыныс болатын.

Сонымен аудан тұрғындары көтерген көшенің жалпы ұзындығы 760 метрді құрайды. Бүгінде ені 6 метрді құрайтын көше бойына асфальт жабындысы төселуде. Қала билігінің мәліметіне сүйенер болсақ, бұл шара – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында қала тұрғындарының өтініштеріне жауап ретінде іске асырылып жатқан жұмыстардың нәтижесі екен.

Жалпы бүгінгі күні қала әкімдігі тарапынан шаһарға қарасты инфрақұрылымды жақсарту және тұрғындар өмір сүру сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар өз жалғасын табуда. Атап айтар болсақ, қаланың Қарабастау тұрғын алабында заңсыз тұрғызылған және қараусыз қалған құрылыс нысаны сүріліп, орнына балаларға арналған ойын және воркаут алаңшасы салынды.

Бұл аталған мәселе де қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің Қарабастау тұрғындарымен өткізген көшпелі кездесуінде көтерілген болатын. Кездесу барысында Қамбарұлы көшесінің бойында балалар алаңын орнату жөнінде ұсыныс айтылып, қала басшысы жауапты мекемелерге мәселені зерттеп, оң шешу бойынша тапсырма берген еді. Қазіргі уақытта тапсырма негізінде тиісті жұмыстар жүргізіліп, тұрғындар үшін жаңа қоғамдық кеңістік пайдалануға берілді. Бұл алаңша балалардың қауіпсіз және белсенді демалысын қамтамасыз етуге бағытталған.

Сондай-ақ Шымкент қаласындағы Сапақ Датқа көшесі №6 үй ауласындағы балалар ойын алаңшасында орын алған ақаулар жойылып, алаңша толықтай ретке келтірілді. Аталған мәселе қала әкімі мен Әл-Фараби ауданы тұрғындарының көшпелі кездесуі барысында аудан тұрғыны С.Давыдова тарапынан көтерілген болатын. Қала басшысы мәселені жедел шешу жөнінде нақты тапсырма берді.

Бүгінгі күні қойылған тапсырмаға сәйкес, жөндеу жұмыстары «Әл-Фараби» ауданы әкімінің аппаратына қарасты коммуналдық мемлекеттік мекеме тарапынан атқарылып, балалардың ойын алаңы қалпына келтірілді.

Қала әкімдігінің өкілдері алдағы уақытта да аудан аумағындағы инфрақұрылымдық нысандарды жаңарту және күтіп ұстау, соның ішінде балалардың қауіпсіздігі мен жайлы демалысын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасын табатын болады деп отыр.

Шымкент қаласында «Қазақстан халқына» қоры жұмысы БАҚ өкілдеріне таныстырылды
Шымкент қаласында шағын аудан жастары сенбілікке шығып, азаматтықтарын білдірді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу