Шымкент қаласында шағын аудан жастары сенбілікке шығып, азаматтықтарын білдірді

Oinet.kz 23-07-2025 60

Шымкент қаласы әкімдігінің ішкі саясат басқармасы сайтында жариланғандай, Шымкент қаласында «Таза Қазақстан» акциясы аясында жастардың қатысуымен сенбілік өтті. 

1000394939.jpg

Шымкент қалалық ішкі саясат басқармасы өкілдерінің айтуынша, «Таза Қазақстан» республикалық акциясы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қолға алынған. Оның аясында еліміздің барлық аймағында табиғатты қорғау, қоршаған ортаны ластамау, тұрмыстық қалдықтарды жинау және сұрыптау бағытында кешенді жұмыстар атқарылып келеді.

 – Шымкент қала – баршамыздың ортақ үйіміз. Сондықтан да қаланың әрбір тұрғыны өзінің көшесін, ауланы, айналаны таза ұстауға мүдделі болуы тиіс. Бұл тек әкімдіктің немесе арнайы мекемелердің жұмысы емес. Экологиялық мәдениет – күнделікті дағдыға айналуы керек, – дейді қала билігі.

Тазалыққа мән беретін Шымкент қаласына қарасты Қазығұрт шағын ауданынының жастары осындай игі бастамадан тыс қалмай көпшілік іске белсене қатысып, өздерінің белсенділігін танытты. «Тазалық – көпке ортақ іс. Біз жастар ол істен шет қалмаймыз. Бұл біздің азаматтық парызымыз. Біз Тәуелсіз Қазақстанның жастары ел патриоты болуымыз керек. Отанымыздың өркендеп, дамуы бүгінгі жастардың қолында. Сондықтан да Президент бастамасын қолдап, жастар болып, сенбілікке шығып, өңір тазалығына үлес қосудамыз», – дейді жастардың бірі Арман Мақсат.

Жалпы елімізде экологиялық жағдайды жақсарту мақсатында бастау алған «Таза Қазақстан» акциясы Шымкент қаласының барлық ауданында жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Аталған бастамаға Шымкент қаласына қарасты Қазығұрт ауданынан бөлек, Тұран ауданы да белсенді атсалысты.

Бір атап өтерлігі, Арыстанбек көшесінен бастау алған сенбілік Қазығұрт шағын ауданының бірнеше көшесін қамтыды. Бұл бағытта, ең алдымен, көшелердің бойында бейберекет төгілген тас, құм, құрылыс қалдықтары мен тұрмыстық қоқыстар жиналды. Зерделеу барысында қалдықтарды жергілікті тұрғындар төккені анықталды. Осыған байланысты аудан әкімдігі тарапынан нақты шаралар қабылданды. Айтулы іс-шараға Тұран ауданы әкім аппараты, жергілікті полиция қызметкерлері, арнайы коммуналдық мекемелер мен қоғамдық белсенді азаматтар жұмылдырылды. Жергілікті полиция көше бойына заңсыз түрде инертті материал үйіп қойған тұрғындарға ескерту беріп, оларды өз күштерімен тазалауға міндеттеді.

Коммуналдық қызметтер тарапынан сегіз техника жұмылдырылып, шамамен 100 тоннаға жуық қоқыс шығарылды. Тұран ауданы әкімдігінің мәліметінше, мұндай сенбіліктер апта сайын ұйымдастырылып, әрбір шағын ауданды кезең-кезеңімен қамту жоспарланған. Бұл арқылы аудан аумағындағы тазалық пен тәртіпке тұрғындардың өзара жауапкершілігін арттыру көзделіп отыр.

Шымкент қаласында қала тұрғындары көтерген мәселелер оң шешімін табуда
Шымкент қаласында өтетін турнирге 25 мемлекеттен 650 спортшы қатысады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу