Шымкент қаласында биыл 770 жұмыссыз азаматты кәсіптік оқыту жоспарлануда
Шымкент қаласы әкімдігінің ішкі саясат басқармасы сайтында жазылғандай, Шымкент қаласында биыл 770 жұмыссыз азаматты кәсіптік оқыту жоспарланып отыр.
Бұл шара Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 22 маусымдағы №231 бұйрығы негізінде жүзеге асырылуда.
Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Жанат Өтебаеваның айтуынша, жаңа кәсіп үйренуге үміткер тұрғындар өзі тіркелген мекен жай бойынша қалаға қарасты аудандардағы аудандық мансап орталығына барып, жұмыссыз ретінде тіркеле алады.
– Президентіміз биылғы жылды Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялады. Бүгінгі күні жұмыссыздарды арнайы курстарда оқыту, кәсіби қайта даярлауға елеулі көңіл бөлінуде. Оқу үшін жұмыссыз азаматтарға қойылатын талап та жеңіл. Айталық жұмыссыз азамат қала аудандарындағы мансап орталықтарына жұмыссыз ретінде тіркеліп, «Жұмыссыз» мартебесін алған соң оқуға өтінім бере алады. Биыл басқарма тарапынан бүгінгі күнге дейін 610 азамат білім беру ұйымдарында кәсіптік оқудан өтсе, тағы 160 адам тікелей жұмыс берушілердің жұмыс орындарында оқыту жоспарланып отыр. Жоспар аясында 34 жұмыс берушіден жалпы саны 1279 оқыту орнына өтінім түсті, – дейді ол,
Бүгінге дейін жұмыс берушіден түскен өтінімдердің қатарында төмендегідей ұсыныс түскен. Атап айтсақ, оның ішінде: білім беру ұйымдарында оқыту үшін 18 жұмыс беруші 935 орын ұсынған. Жұмыс орнында оқыту үшін 16 жұмыс беруші 344 орын ұсынған. Өңірлік комиссияның қарауына ұсынылған бұл өтінімдердің нәтижесінде: 8 мамандық бойынша 16 жұмыс берушінің 292 орны, 13 мамандық бойынша 15 жұмыс берушінің 153 орны мақұлданды. Дегенмен, өтінімдердің бірқатарына теріс шешім шықты: білім беру ұйымдарында оқыту бойынша 643 орын, ал жұмыс орнындағы оқыту бойынша 191 орын қабылданбады.
Қазіргі уақытта оң шешім алған жұмыс берушілермен келісімшарттар жасалып, жұмыссыз азаматтарды кәсіптік оқытуға жолдау жұмыстары жүргізілуде. Бұл шаралар еңбек нарығындағы сұранысқа сай кадрлар даярлап, жұмыссыздық деңгейін төмендетуге бағытталған.