Сауран ауданы: Мал бордақылап, егін салып, көкөніс баптап табыс табуда

Oinet.kz 08-08-2026

«Ауыл аманаты» жобасы аясында Сауран ауданында өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған жанның бірі – Бахадир Исрайлов. Ол «Ауыл аманаты» жобасы аясында 7 миллион теңге қаражат алып, өз кәсібін жандандырып отыр. Кәсіпкер мүйізді ірі қара мал бордақылаумен, егін шаруашылығымен және бақша өнімін өндірумен айналысады.

Оранғай ауылдық округінде оның ата-анасы құрған «Рустамбек» шаруа қожалығы бар. Егін салады, көкөніс баптайды, мал бордақылайды.

– Еңбекке ерте араластым. Ата-анамның кәсібін ерте мойыныма алып, соны жүргізіп келемін. Өткен жылды Президентіміз «Жұмысшы мамандықтарының жылы» деп жариялап, соның аясында жұмысшы мамандықтарына елеулі көңіл бөлінді. Бұл Президенттің бастамасын мал баққан, егін салған, көкөніс баптаған адам ретінде қуана қолдаймын. Мен сияқты ауыл шаруашылығын көтеріп жүрген жұмысшы мамандар ауылда аз емес. Табысымызды да, нанымызды да жерден тауып, соған тер төгіп, еңбектеніп жүрміз. Қажет болса, жүкші де, тракторшы да, малшы да болып кетеміз. Жалпы мемлекет тарапынан бүгінгі таңда қолдау көп. Сол қолдаудың бірі «Ауыл аманаты» жобасы десем қателеспеймін. Несиеге мал алып, бордақылау ісін қайта жандандырғаныма бүгінгі күні қатты қуанамын. Шаруа үшін кішкене ғана қолдау үлкен істерге бастайды ғой. Маған осы «Ауыл аманаты» жобасы үлкен демеу болды. Бордақы алаңындағы мал басын бірнеше айналдырып, оның басын тоқсан сайын көбейтіп отырмын. Бір жағы шаруам бар, екінші жағынан елді сапалы таза етпен қамтамасыз етіп отырмын, – дейді Бахадир Исрайлов.

Шаруа егістікке арпа-бидай сепсе, суармалы алқаптарға бақша салады. Бір атап өтерлігі, Бахадир Исрайлов жылына егіс алқабынан 120 тонна бидай мен 100 тонна бақша өнімдерін өндіреді. Сонымен қатар, ауылдық округте жер жырту мен дәрілеу қызметтерін қатар атқарады. Шаруасына ауыл шаруашылығы жобасы аясында сатып алған 3 ауыл шаруашылығы техникасы жарап тұр. Биыл да ол жаңа өнім жинауға дайындалуда.

Қожалық заман талабына сай тамшылатып суғару технологиясын да енгізуді жоспарлап отыр. Бахадир Исрайлов қожалықта егін шаруашылығымен қоса мал шаруашылығын да қоса дамып келе жатқанын айтты. Бүгінде қора-жайында бірнеше мүйізді ірі қара бордақылануда екен.

– Бүгінде шаруашылықта үш техникамыз жұмыс істеп тұр. Дегенмен алдағы уақытта қосымша керекті агрегаттар, оның ішінде, трактор, комбайн, басқа да ауыл шаруашылығы тіркемесін алуды жоспарлап отырмыз. Мақсатымыз кәсібімізді кеңейтіп, жұмысшы санын арттыру. Сондай-ақ шаруашылығымызды үлкен агроөнеркәсіп кешеніне айналдырып, Отандық өндіріске үлес қосу, – дейді кәсіпкер Бахадир Исрайлов.

Сауран ауданы: Нигораның кәсібі
Сауран ауданы: Жиһаз бен темір есік жасауда
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу