Сауран ауданы: «Ауыл аманаты» жобасының басты мақсаты – ауылды жерлердегі халықтың табысын арттыру
«Ауыл аманаты» жобасы ауыл экономикасын жаңғыртудың маңызды тетігі. Жалпы Сауран ауданында Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес халықтың әл-ауқатын арттыру және ауыл кәсіпкерлігін дамыту мақсатында «Ауыл аманаты» жобасы тұрақты жүзеге асырылып келеді. Соның ішінде ауданда балық шаруашылығын дамытуға басымдық берілуде.
Сауран ауданының орталығы Шорнақ елді мекенінде аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің ұйымдастыруымен «Ауыл аманаты» жобасының IV бағыты, яғни балық шаруашылығын дамыту бойынша жиын өтті. Онда жоба аясында жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлерге және кәсібін жаңа бастауға ниет танытқандарға жоба аясында түсінік берілді. Жиынға ауыл тұрғындарынан бөлек, Түркістан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының өкілдері, «Ырыс» микро қаржы ұйымының қызметкерлері, ауыл әкімдері және аудан кәсіпкерлері қатысты.
Түркістан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқарма өкілдерінің сөзінше балық шаруашылығын дамыту бағытына жоба басталғалы бері жоба аясында бір миллиардқа жуық қаржы қаралған. Балық шаруашылығын үй іргелік жерлерде жүргізу үшін 15 соттық жерге тоған қазып, «Хамит» АӨК, «Көшім» ШҚ, «Көмеш балық» ЖШС-нен шабақтар сатып алып өсіріп, тауарлы балық деңгейіне дейін жеткізуге болатынын айтылды. Сонымен қатар оның өткізуде ешқандай қиындықтар жоқ. Өйткені оны балық өңдеу зауыттарына өткізуге болатынды.
Ауыл шаруашылығы бөлімінің өкілдері «Ауыл аманаты» жобасы аясында балық шаруашылығын дамыту бағыты бойынша ауданға қарасты 12 ауылдық округтің барлығынан да дерлік несиелеуге түскен өтініштер қаралатындығын жеткізді.
Жиналыс барысында тұрғындардың барлық сұрақтары қанағаттандырылып, іске асыру схемалары, шарттары, негізгі басымдықтары, керек құжаттарды жинақтау, өткізу тәртібі, тоған қазу, шабақ сатып алу, құрал жабдықтар сатып алу, балық азықтарын дайындау және сатып алу туралы кең көлемде ақпараттар берілді.
Атап өтерлігі, жалпы Түркістан облысында облыс әкімінің тапсырмасымен «Балық шаруашылығын дамытудың өңірлік бағдарламасы» бекітілген. Бүгінгі күні осы бағдарламаның шеңберінде Түркістан облысы тауарлы балық өндіру бойынша республика көлемінде көш басында тұр. Мамандардың айтуынша, «Балық шаруашылығын дамытудың өңірлік бағдарламасына» сәйкес, Түркістан облысында 2030 жылға дейін тауарлы балық өсіру көлемін 20 мың тоннаға жеткізу жоспарланған. Облыста жергілікті маңызы бар 104 су айдыны тіркеліп, олар 88 табиғат пайдаланушыға бекітіліп берілген. Тауарлы балық өсірумен 146 кәсіпкерлік субъектісі айналысады. Балық шаруашылығын дамытуға мемлекеттік қолдаулар көрсетіледі. Акваөсіру бойынша «Ауыл аманаты» жобасы бастау алған 2023 жылдан бері қомақты қаржы бөлініп, отыздан аса шаруаға субсидия берілуде. Ол жұмыс әлі де жалғасуда.
Жалпы бүгінгі күні ауданда балық шаруашылығымен айналысып жүргендер көп. Олардың саны жиырмадан асып жығылады. Соның ішінде 4 жоба үй іргесіндегі шаруашылықта жүзеге асырылуда. Бүгінде осы кәсіптің көзін тапқан жанның бірі – Жасур Муминов. Жаңа Иқан ауылдық округінде қарасты Ибата елді мекенінде тұратын ол 240 шаршы метр жерде балық өсіруде. Ол өз кәсібін 2023 жылдың қыркүйек айында бастаған.
Жасур осы жобаға қатысу арқылы қаржы ұйымдарынан төмен пайызбен 8,5 миллион теңге несие алды. Бүгінде оның бұл кәсіпті айландырып отырғанына үш жылға жуықтаған.
Бүгінде кәсіпкер төрт бассейінде балық өсіріп отыр. Шамамен 6 айда 2 тонна балық ауласа, жылына 4 тонна балық аулап, ішкі нарық сұранысын қанағаттандыруға жұмыс істеуде. Кәсіпкер бүгінгі күні өзімен бірге 4 азаматты тұрақты жұмыспен қамтыған. Сонымен қатар, кәсіпкер «Ауыл аманаты» жобасы өз кәсібін ашамын деген азаматтарға таптырмас мүмкіндік екенін айтып, бұйыртса алдағы уақытта кәсібін үлкейтіп, бірнеше азаматты жұмыспен қамтуды жоспарлап отырғанын жеткізді.
Қарап отырсақ, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді жан-жақты қолдау, ел тұрғындарын аграрлық бизнеске барынша тарту, азық-түлік қауіпсіздігі және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға байланысты мәселелерді шешу мақсатында жобаланып, жүзеге асырылып жатқан «Ауыл аманаты» жобасына барша бұқара қатты мүдделілік танытып отыр.
Айта кеткен жөн, «Ауыл аманаты» жобасы Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың 2022 жылдың 26 қарашасындағы №1 «ҚР ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы туралы» Жарлығы негізінде бастау алды. 2023 жылдан бері жоба ауыл тұрғындары арасында кеңінен насихатталып келеді. Жалпы «Ауыл аманаты» жобасының басты мақсаты – ауылды жерлердегі халықтың табысын арттыру. Алушыға да өте тиімді. Несие мерзімі – 5 жыл, ал мал шаруашылығы және ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру саласындағы жобалар бойынша – 7 жылға дейін, ал сыйақы мөлшерлемесі – 2,5 пайыз. Мұндай несиенің халыққа пайдалы екендігі сөзсіз. Мәселен, ауыл тұрғындарының бүгінде бірде-бір коммерциялық банктен мұндай шарттармен несие алу мүмкіндігі жоқ. Әлемдегі инфляцияны ескеретін болсақ, 2,5 пайыздық несие – өте тиімді. Ауылда қандай да бір өндіріс ашып, оны дамыту үшін аталған жоба – үлкен мүмкіндік. Тағы бір айта кетерлігі, «Ауыл аманаты» аясында несие алған азаматтарға негізгі борыш пен сыйақыны өтеу бойынша 1,5-2 жыл жеңілдік кезеңі де қарастырылған.
Бір атап өтетін талабы, несие алу үшін өтінім беруші жеке кәсіпкер болып тіркелуі керек. Сондай-ақ салық органдарында тіркеудің болуы, басқа несиелер бойынша мерзімі өткен жарнаның, мемлекеттік кірістер органдарында берешектің болмауы талап етіледі. Сонымен қатар несие алушыда ауыл шаруашылығын жүргізу үшін жер телімі, қора және басқа да қажетті жағдайлардың болуы шарт, сондай-ақ ауылшаруашылық өндірістік кооперативіне мүшелікке кіру және жоба аясындағы өндірген өнімін өндірістік кооперативке өткізу талап етіледі.
Міне, Сауран ауданы орталығында өткен жиын барысында «Ауыл аманаты» жобасының маңызы мен тиімді тұстары жан-жақты түсіндірілді.


