Сауран ауданы: Ет пен сүт өндірісі артып келеді

Oinet.kz 13-08-2026

Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласы Сауран ауданындағы жергілікті өндірістің маңызды бағыттарының бірі болып табылады. Ет, сүт, жеміс-көкөніс өнімдерін өңдеу, ұн және азық-түлік өнімдерін шығару арқылы жергілікті кәсіпкерлер ішкі нарықтың сұранысын қамтамасыз етіп келеді. Сонымен қатар мұндай өндірістер импорттық өнімдердің үлесін азайтып, қазақстандық өнімдердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді.

Дегенмен Сауран ауданында негізгі бағыттардың бірі – асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту. Ауданда асыл тұқымды репродукторлар мен тауарлы-сүт фермалары құрылып, өндірістік қуаттарды жаңғырту және қалпына келтіру бойынша жобалар жүзеге асырылуда. Мәселен, ауданында 10 гектар аумақты қамтитын ірі мал бордақылау кешені салынып жатыр. Ал  

Ескі Иқан ауылдық округінде орналасқан «Түркістан ет өнімдері» ЖШС-ның
40 гектар аумақта орналасқан кешенді жобасының жалпы құны 1,3 миллиард теңгені құрайды. Бірегей кешенде 5 мың бас ірі қара малға арналған бордақылау алаңы және тәулігіне 120 бас ірі қара мал союға арналған өндірістік алаң қарастырылған. Осының аясында жүзге жуық жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Бұл ретте қолдау тек ірі инвестициялық жобаларға ғана көрсетілмейді. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін шығындарды субсидиялау қарастырылған.

Жалпы экономикалық белсенділіктің артуына инвестиция тартудың да үлесі зор. Жеке инвесторлардың қатысуымен жүзеге асырылып жатқан өндірістік жобалар жаңа кәсіпорындардың ашылуына, өндірістік қуаттардың артуына және еңбек өнімділігінің жоғарылауына мүмкіндік беруде. Инвестициялар заманауи технологияларды енгізуге жол ашып, өндірістің тиімділігін арттыруға ықпал етеді.

Сондай-ақ инженерлік инфрақұрылымды дамыту да жергілікті ауыл шаруашылығы өндірістің тұрақты жұмыс істеуіне негіз болады. Электр энергиясы, табиғи газ, ауыз су, байланыс желілері және автомобиль жолдарының сапасы өндірістік кәсіпорындардың тиімді қызметіне тікелей әсер етеді. Инфрақұрылымның жақсаруы жаңа өндірістердің ашылуына және кәсіпкерлердің өз жобаларын жүзеге асыруына қолайлы жағдай қалыптастырады.

 Осының арқасында ауданда мал басы артуда. Мал басының артуы ет және сүт өндірісіне өз септігін тигізуде. Атап айтар болсақ, осы жылдың бірінші жартыжылдығында өңірде ет өндірісі 2 пайызға, сүт өндірісі 3 пайызға, жұмыртқа өндірісі 1 пайызға өскені байқалады. Сонымен қатар мүйізді ірі қара саны 0,3 пайызға, жылқы саны 2 пайызға артқан.

– Бүгінде мал шаруашылығының тұрақты даму қарқынын сақтап отырғанын көріп отырмыз. Ет, сүт және жұмыртқа өндірісінің көлемі артып, мал басы көбейіп келеді. Бұл ретте біздің міндетіміз – сандық көрсеткіштерді жай ғана ұлғайту емес, өнімділік пен сапаны арттыру, асыл тұқымды базаны нығайту және өндіріс үшін заманауи жағдай жасау, – деді аудан әкімі Мақсат Таңғатаров.

Елімізде экономиканы әртараптандыру және өңірлердің өндірістік әлеуетін арттыру мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып қала береді. Әсіресе жергілікті өндірісті дамыту арқылы ішкі нарықты сапалы отандық өніммен қамтамасыз ету, жаңа жұмыс орындарын құру және халықтың табысын арттыру мәселесіне ерекше көңіл бөлінуде. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та өз Жолдауларында өңдеу өнеркәсібін дамыту, қазақстандық қамту үлесін арттыру және шағын әрі орта бизнесті қолдау міндеттерін бірнеше рет атап өткен болатын. Осы саясаттың нәтижесінде еліміздің көптеген өңірлерінде өндіріс көлемі ұлғайып, кәсіпкерлік белсенділік жаңа деңгейге көтерілуде. Бұл оң өзгерістер Сауран ауданында да айқын көрініс тауып, жергілікті өндірісті дамыту бағытындағы жұмыстар экономикалық белсенділіктің артуына серпін беріп отыр.  

Сауран ауданы ауыл шаруашылығының дамуына қолайлы табиғи жағдайымен, еңбек ресурстарының жеткіліктілігімен және Түркістан қаласына жақын орналасуымен ерекшеленеді. Бұл факторлар өндірістік жобаларды жүзеге асыруға, жаңа кәсіпорындар ашуға және кәсіпкерлік белсенділікті арттыруға мүмкіндік береді. Соңғы жылдары ауданда өндірістік секторды дамытуға ерекше көңіл бөлініп, жергілікті шикізатты тиімді пайдалану мен қайта өңдеу бағытындағы жұмыстар қарқын алды.

 Жергілікті өндірісті дамытудың негізгі мақсаттарының бірі – аудан экономикасының тұрақтылығын қамтамасыз ету. Шикізатты өңдеп, дайын өнім шығару арқылы кәсіпкерлер өнімнің қосылған құнын арттырып, жаңа өткізу нарықтарына шығуға мүмкіндік алады. Бұл кәсіпорындардың табысын көбейтіп қана қоймай, ауданның экономикалық әлеуетін күшейтуге де ықпал етеді.

Өндірістің дамуына мемлекеттік қолдау бағдарламалары да оң әсерін тигізуде. Бүгінде кәсіпкерлер жеңілдетілген несие, субсидиялау, мемлекеттік кепілдік беру, гранттар және түрлі қаржылық қолдау құралдарын пайдалану арқылы өз өндірістерін кеңейтіп, жаңа технологияларды енгізуге мүмкіндік алып отыр. Мұндай қолдау өндіріс көлемінің артуына және жаңа жұмыс орындарының ашылуына негіз қалайды.

Сондай-ақ өңір ауылдық аумақтарды дамытуға және ауыл тұрғындарының табысын арттыруға да ерекше мән беріп отыр. Бұл бағыттағы негізгі құралдардың бірі – «Ауыл аманаты» жобасы. Қазірдің өзінде 10 аса жеңілдетілген несие беріліп, 10 жуық жаңа жұмыс орны ашылған.

Барлық бағытқа цифрлық технологиялардың енгізілуі жергілікті өндірісті жаңа деңгейге көтеруде. Автоматтандырылған өндірістік желілер, цифрлық басқару жүйелері, электрондық сауда платформалары және онлайн маркетинг құралдары кәсіпкерлерге өнім өткізу мүмкіндігін кеңейтуге жағдай жасап отыр. Бұл өндірілген өнімнің ауданнан тыс өңірлерге де жеткізілуіне мүмкіндік береді.

Сауран ауданы: Жақсы тұқым мол өнім кепілі
Сауран ауданы: Алымжанның шаруасы табысты
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу