Сауран ауданы: Дәндік жүгері алқабы ұлғайып келеді

Oinet.kz 14-08-2026

Сауран ауданында ауыл шаруашылығы саласына айырықша көңіл бөлініп келеді. Суармалы жерлерді тиімді пайдалану, мол өнім алу үшін ғылым мен техника жетістіктерін пайдалану арқылы сапалы өнім өндіру керектігі бүгінгі күннің басты талабына айналып отыр. Ол үшін әрине өндірілетін өнімнің көлемі мен сапасын арттыру да керек болады. Осыған орай Сауран ауданында жүгері алқаптары көптеп бой көтеруде.

Аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің мәліметінше, өткен жылы аудан бойынша 2389,6 гектар алқапқа дәндік жүгері егіліп, әр гектарынан орта есеппен 60 центнерден өнім алынған. Нәтижесінде 14 337,6 тонна сапалы өнім жиналыпты. Ал биыл дәндік жүгері егісінің көлемі 3857 гектарға дейін ұлғайтылған. Ауыл шаруашылығы саласының мамандары әр гектардан 65-70 центнер өнім жинауды жоспарлап отыр. «Бұл – ауданымызда егін шаруашылығын дамыту, өнім көлемін арттыру және аграрлық сектордың әлеуетін күшейту бағытында атқарылып жатқан жүйелі жұмыстардың нәтижесі» дейді сала мамандары.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әді­лет­ті Қазақстанның эко­но­ми­ка­лық бағдары» Жолдауында: «Ауыл шаруа­шылығы саласының әлеуеті орасан зор. Бірақ біз қолда бар мүмкіндіктерді әлі де толық пайдаланбай отырмыз. Қазақ­станның айналасында өнім өткі­зетін өте үлкен нарықтар бар. Онда сапалы азық-түлік өнімдері тапшы. Қазақ­станның стратегиялық мақсаты – Еуразия құрлығындағы басты аграрлық орталықтың біріне айналу. Осы мақсатқа қол жеткіземіз десек, ең алдымен, өнімді жоғары деңгейде өңдеуге көшуіміз қажет. Онсыз болмайды. Біз алдағы үш жыл ішінде агроөнеркәсіптегі өңделген өнім үлесін 70 пайызға жеткізуіміз керек», деген еді. Мемлекет басшысы еліміздің агро­өнер­кәсіп саласының алдына қойып отыр­ған осы нақты міндет әлемде дәнді дақылдар өніміне сұраныс бойынша бидай мен күріштен кейінгі үшінші орынды еншілеген жүгері шаруашылығына да қатысты. Былтыр дүниежүзінде «дала аруынан» 1157,2 миллион тонна өнімі өндірілсе, бұл көрсеткіш елімізде 1,18 миллион тонна ғана болды, яғни әлемдік жүгері өндірісіндегі үлесіміз 0,1 пайыздан сәл асты. Құрғақшылыққа төзімді әрі тез өсіп-өнетін осы дақылдан өткен жылы орта есеппен гектарына 63,3 центнер өнім жиналды. Бұл жүгері өсірудің экономикалық тиімділігі жоғары екенін айғақтайды. Көршілес Қытай өткен жылы 18,7 миллион тонна жүгері импорттағанын ескерсек, өсірілген өнімді өткізетін өте үлкен нарық іргемізде тұрғаны анық.

Елімізде дәнді жүгеріні өсіретін негізгі үш өңір болса, соның бірі – Түркістан облысы. Бүгінгі күні мемлекет басшысы тапсырмасына сәйкес Сауран ауданының диқандары да жүгері баптауға ден қойған. Мәселен, Ескі Иқан ауылында орналасқан «Нұрбеков» шаруа қожалығы біраз жылдан бері жүгері өсірумен айналысып келеді. Қожалық жетекшісі Тойжан Торпақовтың айтуынша, биыл шаруашылық 12 гектар алқапқа жүгерінің «Гладиш» сұрпын орналастырған. Шығымы бүгінде жақсы.

– Жүгері өсірумен біраз жылдан бері тұрақты айналысып келем. Судан да таршылық көріп отырғанымыз жоқ. Ағын су уақтылы берілуде. Соның арқасында өткен жылы әр алқаптан орта есеппен 180 центнерден өнім жинадым. Биылғы өнімнің де шығымы жақсы. Жүгері бой алып, бір түптен бірнеше сотық салған. Жүгерінің өсуіне қарап, өнім былтырғыдан жоғары болады деген үміттеміз. Бұл кәсіпті отбасыммен жүргізудеміз. Алқап басында бір техника, 4 адам жұмыс істеуде. Отбасылық кәсіпті бұдан да әрі дамытып, егістік көлемін арттыру жоспарымызда бар дейді, – дейді шаруа қожалығының жетекшісі.

Сауран ауданы ауыл шаруашылығы бөлімінің мамандарының айтуынша, өңірде дәндік жүгері өсірудің жаңа технологиялары кезең-кезеңімен енгізілуде. Осы кәсіппен Ескі Иқан ауылындағы «Нұрбеков» және «Акбаршах» шаруа қожалықтары айналысуда. Жалпы дәндік жүгері – өңір үшін табысы жоғары дақылдардың бірі. Ескі Иқан ауылы маңындағы жүз гектар жуық алқапта жүгері бапталуда. Қазір мамандар егістіктің даму барысын бақылап, қолданылған агротехнологиялардың тиімділігін саралап жатыр. Алқаптағы жұмыс барысымен аудан әкімі Мақсат Таңғатаров та танысты.

Шаруа қожалық жетекшілерінің айтуынша, дала аруы алқаптарында жүгеріні арамшөптен қорғау жұмыстары да заманауи технология бойынша жүргізілген. Мамандардың сөзінше, егістіктің жағдайы қанағаттанарлық, ал негізгі технология қолданылған алқаптарда өсімдіктер біркелкі дамып келеді. Бұл өз кезегінде жоспарланған өнімділікке қол жеткізуге мүмкіндік береді.

– Мемлекет басшысының тапсырмалары мен аграрлық секторды дамыту жөніндегі міндеттерге сәйкес, биыл дәндік жүгері егісінің көлемі  екі есеге ұлғайтылды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,5 мың гектарға артық. Егіс алқаптарының кеңеюі жоғары табысты өсімдік шаруашылығын дамытуға және мал шаруашылығын дамытудың кешенді жоспарын іске асыру үшін берік жемшөп базасын қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам болып табылады. Мал шаруашылығын сапалы әрі жоғары энергетикалық құндылығы бар жемшөппен қамтамасыз етпей дамыту мүмкін емес. Дәндік жүгері – ең тиімді мал азықтық дақылдардың бірі. Оны пайдалану мал азығы рационының энергетикалық құндылығын арттыруға, ірі қара малдың тәуліктік салмақ қосуын көбейтуге, сүт өнімділігін арттыруға және мал шаруашылығы өнімдерінің өзіндік құнын төмендетуге мүмкіндік береді. Сондықтан дәндік жүгері өндірісін дамыту ауданның агроөнеркәсіптік кешеніндегі стратегиялық бағыттардың бірі болып саналады, – деді аудан әкімі.

«Акбаршах» шаруа қожалығының жетекшісі дәндік жүгері мал азығынан бөлек, жүгері дәнінен ұн, жарма, барлығы 250-ден астам тағам түрлері дайындалатынын айтты. Кондитер бұйымдарын даярлау үшін оны бидай ұнына қосады, өнеркәсіптік жағдайда жүгері дәні крахмал, декстрин, спирт, глюкоза, қант, май, бал, аскорбин және глютамин қышқылдарын алуға қолданылады. Оны техникалық дақыл ретінде де кеңінен пайдаланатындығы туралы сөз етті.

– Жүгері өсірумен айналысып келе жатқаныма көп жыл болды. жоғарыда айтқандай жүгері сотығын дүкендерге, кондитерлік цехтарға өткерем. Мал азығы ретінде де қолданам. Ұн жасап, ас мәзіріне пайдаланамыз. Жүгеріні көп нәрсеге пайдалануға болады. Биылғы өнімнің шығымы да жақсы. Су жақсы берілді. Былтыр гектарына 120-130 центнерден өнім жинаған едім. Биыл 150-160 центнер болады деген үміттемін, – дейді қожалық жетекшісі.

Дегенмен өңірде дәндік жүгеріні жинау биыл қазан айының екінші жартысына жоспарланып отыр.

Сауран ауданы: Алымжанның шаруасы табысты
Сауран ауданы: Ауыл шаруашылығын әртараптандыру жаңа бағытта жандануда
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу